Жанға шипа дарытқан іргелі ұжым

Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекен Іңкәрдария ауылындағы фельдшерлік акушерлік бекеттің тарихы өткен ғасырдың 1964 жылынан басталады. Қой шаруашылығы болып құрылымдалған совхозда ауыл тұрғындары үшін ең алғаш рет 25 орындық аурухана болып ашылған. Мекеменің тізгінін ұстаған дәрігер бастаған мамандар ауыл халқына медициналық көмек көрсетуді іске асырған.
Осы күні фельдшерлік-акушерлік бекет жаңа ғимаратта ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Алғашқы медициналық көмек көрсететін құрылымдық бөлімше қызметкерлері ауылдағы 800-ге жуық халықтың денсаулық жағдайын бақылайды. Аудандағы ең шағын елді мекен тұрғындары денсаулық сақшылары – фельдшер, медбике, акушерканың қызметіне жүгініп, медициналық көмекке қол жеткізеді.
Ауыл тарихында өзіндік орны бар фельдшерлік акушерлік бекеттің жұмысы қай кезде де қауырт. Алғашқы дәрігерлердің қатарында бірнеше ақ халатты абзал жанның есімі аталады. 1964 жылдан 2012 жылға дейін ауыл халқына Ераж Омаров, Қараман Жаппасбаев, Айдархан Қоспанов, Орынбай Нұрманов, Серік Жүнісов, Хусан Төленбеков, Берікбол Елеукеев, Нұргүл Мақсұтова, Балдырған Пірімбетова, Гүлбаршын Тәуекелова, Гүлжамал Ағыбаева, Ұлбике Егембердиева, Күлмараш Нұртазаева секілді медицина мамандары мен Сара Елеукеева, Күлжан Баталлова, Жақсыбек Атамбаев, Жамал Шәкимова, Әлжан Шахаев т.б. кіші буын және техника қызметкерлері халыққа адал қызмет жасап, ел құрметіне бөленген.
2013 жылы аудандық бюджет есебінен жаңа ғимарат ауыл халқына пайдалануға берілген. Қазіргі таңда фельдшер Гүлмира Қонақбаева, медбикелер Ғазиза Тілеубаева, Нұргүл Құдайбергенова, Ғазиза Тұрғазиева, Фариза Ерімбетова, кіші буын қызметкерлері Ләйла Ыбырай, Бердібай Ермаханов, Әлия Қыстаубаеваның еңбегі орасан зор.
– Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл ретте медициналық қызметтің сапалы болуы – саламатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға, қалыпты дене жүктемесіне байланысты, әрі ұзақ өмір сүрудің кепілі екенін айтқым келеді. Аурудың алдын алу бойынша медбикелер үнемі ауыл тұрғындарымен әңгіме жүргізіп, үй аралап, түсіндіру жұмысын жүргізеді, – дейді ауыл фельдшері Гүлмира Қонақбаева.
Ауыл тұрғындарына ыңғайлы, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мекеменің қызметкерлері күн сайын шақыртулардан бөлек тұрғындарды медициналық тексеруден, скринингтен, флюрографиядан өткізуді, уақытылы екпе алуын қамтамасыз етуде.
Осы күні іңкәрдариялықтардың дені сау, сапалы өмір сүруіне атсалысып келе жатқан ақ желеңділер медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға лайықты үлес қосуда.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ