Медициналық мекемелер жаңарады
Қазір халық арасында аурушаңдық басым. Сондықтан медицина қызметкерлеріне халық денсаулығын жақсартуда зор жауапкершілік жүктеледі. Ал халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медициналық мекемелердің де талапқа сай болғаны жөн. Ауданға қарасты елді мекендерде тұрғындар фельдшерлік бекеттер, жергілікті емдеу мекемелеріне барады. Олардың қатарында жөндеуді қажет ететіндері бар.
Атқарушы билікпен есепті кездесуде бірқатар ауыл халқы ең алдымен денсаулық сақтау саласына байланысты мәселе көтеріп, оның ішінде емдеу орындарын талапқа сай жаңартуды, жаңғыртуды айтады. Бұл мәселе аудан орталығына жақын орналасқан А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылдарына тікелей қатысты. Себебі елді мекендердегі медициналық мекемелердің жағдайы бүгінде талапқа сай келмейді.
Ақиық ақын Асқар ауылындағы дәрігерлік емхана егемендік алған жылдары, нақтысын айтқанда 1994 жылы типтік жобада салынған. Отыз жылға жуық уақыт ішінде ағымдағы жөндеуден өткізіліп отырған, десе де қазір күрделі жөндеуге сұранып тұр. Негізі ауыл халқы жиындарда жаңадан медициналық мекеме салып беруге ұсыныс айтқан.
– Дәрігерлік емхана 2008 жылы ағымдағы жөндеуден өтті. Одан кейінгі уақытта да қолымыздан келгенше күтіп ұстап келеміз. Мұнда 5 орындық күндізгі стационар, дәрігерге дейінгі кабинет, қабылдау бөлмесі, акушерлік бөлме бар. Осы мекемеде 10 қызметкер жұмыс істейді. Біз халыққа ем-дом шараларын жасап, денсаулықты жақсартуға тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Тек халыққа қызмет көрсетуде ғимарат талаптарға сай болса екен, – дейді ауылдағы жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлжан Абдирова.
Басы ауырып, балтыры сыздаған халық дереу дәрігер көмегіне жүгінері анық. Аудан орталығына жақын дегенімен, елді мекен тұрғындары алдымен ауылдағы дәрігерлік емханаға баратыны белгілі. Ондағы медицина қызметкерлері қажетті ем-дом жасайтыны да анық. Тек ғимараттың іші қан жылым ғана болып, ем қабылдауға келгендер өзін жайсыз сезінсе, оның кері әсер ететіні айқын. Сондықтан да ауыл халқы медициналық мекеменің биыл күрделі жөндеуден өтетініне бек қуанышты.
Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік акушерлік бекет те осы жылы күрделі жөндеуден өткізілмекші. Бұл мекеменің фельдшерлік акушерлік бекет ретінде қолданысқа берілгеніне 11 жыл болған. Десе де қазір ғимарат құрсаумен құрсауланған.
– Ауыл халқына медициналық қызмет көрсетіп келеміз. Өткен жылы бізге 2469 адам қабылдауға келіп, 1236 адам ем-дом шарасын қабылдады. Мұнда 5 қызметкер жұмыс істейміз. Медициналық қызмет көрсетуге бөлмелер қарастырылған. Дегенмен қабырғалар сөгіліп тұр, – дейді фельдшер Жанат Жұмаділова.
Ауылдағы медициналық мекемелерді жаңарту биылға жоспарланған. Бұл жұмыстар сапалы іске асса, халық денсаулығын жақсартуға, аурушаңдықты азайтуға мүмкіндік жасалмақ.
Е.БЕРКІНБАЕВ