Алғашқы медициналық көмек көрсететін бекет

Ауыл орталығындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылуы ауыл тарихымен тұспа тұс келеді. Осы күні 1200 халыққа медициналық қызмет көрсететін бекет 2009 жылы салынған шағын ғимаратта орналасқан. 2011 жылы пайдалануға берілген ғимарат, 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен. Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Өткен жылдың соңында ғимарат табиғи газға қосылып, ауыл тұрғындарының ем-дом алуына қолайлы жағдай жасалған.
Жаңарып қалған бекет медициналық жабдықтармен жабдықталған және мұнда профилактикалық тексерулер, вакцинациялау, сондай-ақ шұғыл көмекті қоса алғанда, қызметтердің кең ауқымы ұсынылады.
Жалпы Қалжан ахун ауылындағы алғашқы медициналық көмек көрсететін медициналық мекеменің құрылымдық бөлімшесі саналатын бекетте дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетіледі. Осы ретте ұзақ жыл ауыл фельдшері болған, марқұм Оразкүл Мұратованың есімін ауыл тұрғындары ерекше құрметпен атайды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін қажырлы еңбек еткен О.Мұратова фельдшерлік-акушерлік бекетті басқарды. Қазір білікті маманның ізін жас буын жалғастырып келеді.
– Өздеріңіз көріп отырғандай фельдшерлік-акушерлік бекетте фельдшерден басқа акушерка Дана Дүйсенбаева, медбике Жанат Жұмаділ, кіші буын қызметкері Гүлназ Маханбетжанова, қарауыл Серік Ермаханов қызмет етеді. ФАБ-та 2023 жылдан бері еңбек етемін. Негізгі міндетім – халыққа дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, дәрігердің тағайындауларын дер кезінде және толық көлемде орындауын қадағалау, балалар мен жүкті әйелдердің, ауыл халқының денсаулық жағдайын жүйелі бақылау, – дейді ауыл фельдшері Ақерке Амангельдиева.
Ауыл тұрғындарының денсаулығын жіті бақылайтын медицина мамандары аурушаңдықты, әсіресе жұқпалы және паразиттік аурулардың, ауылшаруашылығы және тұрмыстық жарақаттанушылықты төмендетуге бағытталған алдын алу, эпидемияға қарсы және санитарлық-гигиеналық іс-шаралар кешенін өткізеді. Сонымен қатар жұқпалы аурумен ауыратындарды, олармен байланыста болған адамдарды және жұқпалы ауруға күдіктілерді айқындау мақсатында тұрғын үйді аралап шығуды жүргізеді.
Ауыл халқының санына байланысты фельдшерлік-акушерлік бекет болып қалыптасқан денсаулық мекемесі санитарлық талапқа сай, іші жылы, жарық. Егу, ем-шара, акушерканың көру бөлмесі, фельдшердің бөлмесі, дәрігерге дейінгі, фильтр және тазалық бөлмесі бар ғимаратта ауыл тұрғындарына күнделікті медициналық көмек көрсетіледі.
– Өткен жылы ауылда 22 сәби дүниеге келді. Өкінішке орай 6 адам дүниеден өтті. Негізгі қызметімізді аса жауапкершілікпен атқарып, күнделікті шақыртуға барамыз. Шағын ауыл тұрғындарының игілігі үшін, олардың әл-ауқатын көтеру мақсатындағы қызметіміз – сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Медициналық бекет ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту, скрининг тексерістерден уақытылы өту, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға едәуір септігін тигізеді. Медициналық бекет халыққа сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді, – дейді ауыл фельдшері.
Қалжанахундықтардың бастары ауырып, балтырлары сыздай қалса, аудан орталығына сабылмай, осында жергілікті медбекет мамандарына жүгінеді. Ауыл тұрғындары ақ халаттылардың еңбегіне дән риза.
Бибісара ЖАНӘЛІ