Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Жырдан мұнара тұрғызған ақындар

Жырдан мұнара тұрғызған ақындар

Республикадағы үздік ауылдардың санатына кіретін Нағи Ілиясов елді мекенінде бірнеше күн бойы «аузымен құс тістеген» ақындар жырдан мұнара тұрғызды. Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында ауылдан шыққан бірнеше тұғырлы тұлғаның есімі жаңғырып, аудандық деңгейде мүшәйра ұйымдастырылды.

                                          ***
Ең алдымен, батыр ауылына кестелі сөздерімен халық жүрегінен орын алуға ниетті ұстаз ақындар келді. Яғни «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде ауылдық мәдениет үйінде білім беру саласының қызметкерлері арасында майдангер, Ұлы Отан соғысының І-ші дәрежелі орденінің иегері, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Сәдуақас Әлиевті еске алуға арналған аудандық мүшәйра жүзеге асты.

Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев айтулы күннің маңыздылығына тоқталып, майдангер өміріне кеңінен тоқталды.
– Биыл Жеңістің 80 жылдығы кеңінен тойлануда. Бүгін Нағи Ілиясов ауылында Сәдуақас Әлиевті еске алуға арналған мүшәйраның куәсі болып отырмыз. Майдангер-ұстаз халық баласын оқытуда табанды еңбегімен танылды. Шын мәнінде, соғыс жылдары Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдангер жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге саналады. Міне, бүгін майдангер ізінен ерген ұстаздар қауымы өнерімен көпшілікке танымал, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Негізінен, аудандық мүшәйра 2 кезеңнен тұрды. Мүшәйра барысында ұлағатты ұстаздар майдангер-ұстазға арнау өлеңдерін оқыды. Ал екінші кезеңде еркін тақырыпта жыр шумақтарын ұсынды. Жыр бәсекесіне түскен 13 ақынның өнеріне әділ қазы алқасының төрағасы, ақын, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жеңісбек Төрәлиев, мәдениет саласының майталманы Сансызбай Сәдуақасов, ұстаз Бақыт Шынымова төрелік етті.

Өз кезегінде әділ қазылардың шешімімен жүлделі ІІІ орынды Аружан Мұханбетқалиева, Жанерке Байсынова, ІІ орынды Гүлім Тәжібаева, І орынды Биболат Опабеков, бас жүлдені Мұхамеджан Мансұров еншіледі.

Тағылымы мол іс-шараның екінші бөлімінде №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектепте майдангер атындағы арнайы сыныптың ашылу салтанаты өтті. Оған «Қазақстанның Еңбек ері» Абзал Ералиев бастаған зия­лы қауым өкілдері қатысты.

***
Кіл мықтылар жиналған аудандық ақындар мүшәйрасы араға бірнеше күн салып, Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл жолғы жыр бәсекесі – майдангер, ерлігімен танылған Жалғасбай Қазмағанбетұлын туғанына 100 жыл және еске алуға арналды. Өлеңнің құдіретін тереңнен сезіне алған ақындардың сөз додасында жырдың түндігі түрілді.

Ақындар мүшәйрасында 9 ақын екі кезең бойынша бақ сынады. Ең алдымен, 25-50 жас ерекшілігі бойынша сынға түскен ақындар Жалғасбай Қазмағанбетұлының өмір жолына арналған өлеңдерін оқыды. Ал екінші кезеңде Жеңістің 80 жылдығы ақындардың қаламынан шыққан отты жырларға арқау болды. Ақындардың өлеңін бағалаған әділ қазылар қатарында «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева, ұлағатты ұстаз Жанерке Байсынова бар.

Жыр мүшәйрасында әділ қазы алқасының шешімімен үшінші кезең ұйымдастырылып, «Майданнан ана мен жарға хат» тақырыбында табан астында өлең шығару тапсырылды. Бұл ретте, ақындар өлеңді көркемдеп, суреттеме жанры бойынша шығаруға күш салды. Аудандық мүшәйраның қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Самат Жұмаділ, Алмат Өтеуов, ІІ орынды Айтмағанбет Темірханов, І орынды Мақсұт Әбсадықов, бас жүлдені Данияр Уәлиев иеленді. Ақындарға арнайы диплом, алғыс хат, қаржылай сыйлық табысталды.

***
Кезекті мәрте ұрпақтар сабақ­тастығының жаңғыруын майдан­гер Тұрсынбай Асқаровтың ұрпақ­тары көрсете білді. Ауылдағы мәдениет ошағында шымылдығы түрілген аудандық мүшәйра аудандық орталықтандырылған кітапханасының «Ауылымда ізі қалған ұлы есімдер» жобасы бойынша ұйымдастырылды. Ауылдық кітапхананың ұжымы мүшәйраның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

Жыр додасында сөз құдіретіне тереңнен бойлаған 8 ақын қатысты. Майдан даласында ерлік көрсетіп, неміс басқыншыларынан туған жерді азат еткен, биыл туғанына 100 жыл толған Тұрсынбай Асқаровтың есімі кеңінен ұлықталды. Еңбекпен ерте есейіп, ел ісіне ерте араласқан майдангер хақында өлең шумағын тізбектеді. Алғашқы кезеңде жауынгердің толықтай бітім-болмысы ашылды. Ал екінші кезеңде ақындар еркін тақырыптағы өлеңдерін арнады.

Ақындардың аяқ-алысын бағалаған әділ-қазы құрамында «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орын­басары Балтабай Ордабеков, ау­дандық орталықтандырылған кі­тап­ха­насының директоры Айбек Қонысбаев, майдангердің қызы Зағипа Асқарқызы бар.

Мүшәйрада ІІІ орынды Самат Жұмаділ мен Жанғабыл Ақжігітов, ІІ орынды Бақтөре Айтбаев, І орынды Айтмағанбет Темірханов, бас жүлдені
Ақерке Балман еншіледі. Тұрсынбай Асқаровтың ұрпақтары барлық ақынға қаржылай сыйлық үйлестірді.
Танымы бөлік іс-шараларда зия­лы қауым өкілдері мен ардагерлер Сәдуақас Әлиев, Жалғасбай Қазмағанбетұлы, Тұрсынбай Асқаров жөнінде құнды естеліктерімен бөлісті.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

10 мамыр 2025 ж. 176 0