Ғибраты мол ғасыр адамы
Аудандық газеттің 31 қазан күнгі нөмірінде «Қайраткер. Тұлға. Азамат» тақырыбында мақала жарияланған еді. Онда майдангер-ұстаз, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атақтарының иегері Түймебай Айтбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы жазғанбыз. Биыл 100 жылдығы аталып өтілген тұлғаның құрметіне Н.Ілиясов ауылында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
Ең алдымен №132 орта мектеп базасында ғасырдың үздік мұғалімінің құрметіне қойылған ескерткішке көпшілік гүл шоқтарын қойды. Ардагер ұстаздың еңбек жолы, өнегелі өмірі жайлы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Н.Қуандықов, Б.Өтегенова, ардагер-ұстаз М.Тәутен естеліктер айтып, жылы лебіздерімен бөлісті. Орта мектеп директоры І.Анафияев жыл көлемінде атқарылған іс-шаралар туралы айтса, оқушылар ғылыми зерттеу жұмыстарын таныстырып, ғибраты мол ғасыр адамының өнегелі өмір жолын жиналғандарға үлгі етті.
Мұнан соң ауылдық мәдениет үйінде танымдық конференция өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар және оқушылар қатысты.
– Т.Айтбаевтың өмір жолы да, еңбек жолы да көпке үлгі. Ғасыр адамы атанған ғибратты ғұмыр иесін ардақтау арқылы біз тарихтан тағылым аламыз. Бүгінде аудан ұстаздары қайраткер-тұлғаның өнегелі өмір жолынан тәлім алуда. Азамат үшін бұдан асқан абырой жоқ, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Конференцияда қоғам қайраткері А.Божанова, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев сөз сөйлеп, 42 жыл білім саласының дамуы үшін тер төккен ардагер-ұстаздың ел мүддесін бәрінен биік қойып, адал еңбекті ту еткен азаматтық келбеті жайлы сөз қозғады.
Мұнан кейін ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері И.Таутенов, медицина саласының ардагері С.Шәмшиев естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар Т.Айтбаевтың ұрпақтарының атынан ҚАЗМУ-дың Шығыстану факультетінің «Корея және Жапония» кафедрасының ұстазы Б.Түймебаев сөз сөйледі.
Танымдық конференция «Түймебай Айтбаев – Ғасыр адамы» атты білім қызметкерлері арасындағы аудандық жыр мүшәйрасымен жалғасты. Мүшәйраға аудан мектептерінен 10 мұғалім қатысты. Олар бірінші кезеңде Т.Айтбаевқа арнау оқыса, екінші кезеңде Н.Ілиясов ауылының сәулеті мен дәулетін, жетістіктерін жырға қосты. Жыр бәйгесіне ақын А.Ибрагимұлы бастаған азаматтар қазылық жасап, талапкерлердің өлеңдерін бағалады. Қорытындысында бас жүлдені Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Биболат Опабеков иеленді. Жүлделі І орын Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Қ.Құлымбетовке берілсе, ІІ орынмен Жетікөл ауылындағы №174 орта мектебінің мұғалімі Қанат Көзейбай марапатталды. Ал ІІІ орынға Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебінің мұғалімі Жанерке Байсынова лайықты деп танылды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Жалпы мүшәйра жеңімпаздарына ұрпақтарының атынан қаржылай сыйақылар табысталды.
Іс-шаралар қорытындысында Т.Айтбаевтың қызы Гүлжан Айтбаева сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ мектепке көрнекіліктер мен кітаптар тарту етті. Мұнан соң Т.Айтбаевтың рухына арнайы ас берілді. «Дананың хаты, жақсының аты өлмейді» демекші, еңбегі ерен, артына өшпес із қалдырған Түймебай Айтбаевтың есімі ұрпаққа ұмытылмастай ұлағат болып қала бермек.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ