Алтын бағасы аспанда тұр...

2024 жылдың соңына қарай жаһандық қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық пен геосаяси жағдайдың шиеленісуі алтынға деген сұранысты күрт арттырды. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қақтығыстар, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, инфляцияның өсуі және доллардың құнсыздануы алтынды «қауіпсіз актив» ретінде тануға итермеледі. Соның салдарынан Лондон металдар биржасында 1 унция алтынның бағасы тарихи рекордқа жақындап, $2300-2400 аралығына жетті.
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай мемлекет. Ел аумағында жұмыс істейтін ірі алтын өндіруші компаниялар – «Қазақалтын», «RG Gold», «Алтыналмас», «KAZ Minerals» және «Полиметалл Қазақстан» секілді кәсіпорындар. Олар ішкі нарықпен қатар шетелге де өнім экспорттайды.
2023 жылдан бері теңгенің құнсыздануы мен инфляцияның өсуі Қазақстан азаматтарын алтын сатып алуға итермеледі. Халық арасында алтын құймаларын сатып алу мен сақтауға сұраныс артты. Қазақстан Ұлттық Банкі ұсынатын инвестициялық алтын құймаларына деген қызығушылық та өсіп отыр.
Алтын бағасының өсуі зергерлік бұйымдардың да қымбаттауына себеп болды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық деңгейде көрініс табуда – сақина, сырға, алқа секілді алтын бұйымдарды сатып алу қиындай түсті. Сонымен қатар, некеге отыру маусымында алтын әшекейлерге деген сұраныс жоғары болса да, олардың бағасы көптеген отбасы үшін қолжетімді емес.
Мырқиева Нұрайым
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден