Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Патриоттық форум – 2025: пленарлық мәжіліс

Патриоттық форум – 2025: пленарлық мәжіліс

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің бастамасымен өткен «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» патриоттық форумының аясында Достық үйінде ерекше маңызы бар пленарлық мәжіліс ұйымдастырылды. Оған 300-ге жуық қатысушы жиналып, тарихи тағылым мен бабалар ерлігін дәріптеу мақсатында бас қосты.

Мәжілісте жас зерттеушілер мен студенттер өз еңбектерін ұсынды. Баяндамалар мен зерттеу жұмыстары арқылы ата-бабамыздың жанқиярлық ерліктері мен ұлт руханиятына қосқан үлесі кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ, студент жастардың дайындаған тың жобалары тарихи жадыны жаңғыртуға, ұлттық рухты нығайтуға бағытталды.

Әрбір баяндама бабалар мұрасын қадірлеудің, олардың ерлік жолынан сабақ алудың маңызын ашып көрсетті. Жастардың ізденісі мен ғылыми еңбектері ұлт тарихын терең түсінуге деген ұмтылысты айқын аңғартты. Бұл – өскелең ұрпақтың өз елінің өткені мен болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсететін қуанышты көрініс.

Пленарлық мәжіліс студент жастардың арнайы үндеуімен қорытындыланды. Бұл үндеу – отансүйгіштікке, елжандылыққа, бірлік пен татулыққа шақырған жалынды сөздерден құралды. Форум аясындағы барлық шаралар жастардың бойында ұлттық рух пен азаматтық белсенділікті нығайтуға тың серпін берді.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

28 сәуір 2025 ж. 214 0