Жастардың рухын түлеткен тағылымға толы форум

Форум бағдарламасы қатысушылар үшін мазмұнды әрі әсерлі өтті. Студенттер Қызылорда қаласындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасап, өлкенің бай тарихымен, мәдени мұрасымен танысты. Бұл жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани таным көкжиегін кеңейтті.
Форум аясында колледж базасында «Мерген ару» сайысы ұйымдастырылды. Бұл сайыста қатысушы қыздар өздерінің шапшаңдығы мен тапқырлығын, ұлттық салт-дәстүрді білу деңгейін көрсетіп, өзара бақ сынасты. Шара студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға және достық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді.
24 сәуір күні форум қатысушылары қасиетті Қармақшы жеріне арнайы сапар жасады. Қорқыт ата кесенесіне барып, рухани орданың тынысымен танысып, мұражай жәдігерлерін тамашалады. Сонымен қатар, Қорқыт ата амфитеатрында өткен арнайы қойылымды тамашалап, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасына деген құрмет сезімдерін одан әрі тереңдетті.
Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы жастар ел тарихы мен мәдениетінің асыл құндылықтарына жақындап, өз бойларында отансүйгіштік пен ұлттық рухты шыңдай түсті. Биылғы форум жастардың рухани дамуына тың серпін берді.

Фото: Қызылорда облысының білім басгармасының баспасөз қызметі