Патриоттық форум – 2025: «Батыр Мәншүк» перформансы сахналанды

Т.Әліпқали мен А.Мәметованың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр», сондай-ақ А.И.Халимульдина мен А.К.Халимульдиннің «Звездный час Маншук» кітаптарының желісі бойынша дайындалған «Батыр Мәншүк» мультиформатты перформансы көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Бұл көпформатты қойылымда театр өнері, музыка, әдебиет пен заманауи сахналық шешімдер шебер үйлесім тапты.
Перформанс барысында Мәншүк Мәметованың балалық шағы, жастық жігері мен майдандағы қайсарлығы көркем бейнеленді. Әрбір сахна студенттердің шынайы эмоциясымен, жүрек тербеген шебер ойынымен өрілді. Олар Мәншүктің ерлігін тек сөзбен емес, сезіммен жеткізуге тырысты.
Театр залына жиналған 700 көрермен тарихи оқиғаның әр сәтіне бірге куә болып, көздеріне жас алды. Көрермендердің ықыласы, қошеметі қойылымның шынайылығы мен маңызын айқын көрсетті. Бұл кеш – тек өнер мерекесі емес, жүректерді елдік рухқа, отаншылдық сезімге бөлеген тағылымды сабақ болды.
«Батыр Мәншүк» перформансы арқылы студент жастар ұлы ерліктің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл қойылым ұлт тарихын ұлықтаудың, батыр бабалардың аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі болды.

Фото: Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі