Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғаш фотография саласы қалай дамыған?

Алғаш фотография саласы қалай дамыған?

Сегіз миллиардтан аса халқы бар дүниежүзінде адамдардың фотоға түсу қарқыны ешқашан бәсеңдеген емес. Ерекше сурет галереясын жасақтайтын көпшілік фотоны өткен мен бүгіннің естелігін қалыптастыратын құралға айналдырған. Қазіргі уақытта әрбір адамның ұялы телефонында 1000-нан аса фото қоры жасақталған. Заман ағымына сай фотоға түсу оңай болғанымен, фотография тарихы тереңде жатыр.

Ойлы оқырман назарына фотография саласының біз біле бермейтін маңызды ақпаратын ұсынуды мақсат тұттық. Ең алғаш фотографтар 19 ғасырда Франция мен Ұлыбританияда пайда болған деседі. Фотографияның алғашқы техникасы 1830 жылы ойлап табылса, 1839 жылы «дагератияпия» деп аталатын әдіс қолданысқа енгізілді. Коммерциялық табысқа қол жеткізуге аталған әдіс өз көмегін тигізді. Фотография тарихының бастауында Жозеф Нисефор Ньепс пен Луи Дагер тұр.

Шындығында, алғашқы фотоап­параттың атауы «Граммон» атауымен жарыққа шықты. Дегенмен, құрылғы заманауи үлгідегі фотоаппаратпен салыстырғанда өте қарапайым еді. Өз кезегінде көне дәуірдегі «Camera Obscura» камерасы жарық пен көлеңке арқылы жұмыс істейтін болған. Десек те, түсуге арналмағандығын бірқатар зерттеуші алға тартады. 1839 жылы Францияда патенттелген шынайы фотоаппараттың атауы «Дегерреотиптік камера» деп аталады. Жорж Истменнің ойлап тапқан камерасы «Kodak» тұңғыш коммерциялық фотоаппарат ретінде танымал.

Биыл жарық көргеніне 86 жыл толған «Тіршілік тынысы» газе­тінің фото тілшісі болған Ерғали Әбдіқа­лықов­тың қолданған «KIEV» фотоаппараты редакцияда сақтаулы. Негізінен, фотоаппарат 1947 жылдан бастап пайдалана басталған. Бірнеше үлгіде шыққан фотоаппараттың дизайны «Contax ІІ» камерасынан алынған. Бірнеше жылдық тарихы бар фотоппарат басылымның кез келген оқырманының қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Бұл ретте аудан жұртшылығына Ерхан ағай ретінде танылған фототілшінің құнды дүниелері «Бір сурет тарихы» атауымен басылым бетіне берілуде.

Электронды, яғни, сандық фотоаппаратты әлем халқы 1969 жылы қолдана бастады. Ал америкалық инженер Стивен Сассон алғашқы сандық үлгідегі фотоаппаратын әлем жұртшылығына ұсынды. Камерамен сурет түсірген уақытта сандық сигналға айналып, пленка орнына кассета қолданылды. 1990 жылы сандық фотоаппарат нарыққа шығарылса, араға 5 жыл салып «Sony» компаниясы әлемдегі толық сандық фотоаппарат иесі атанды.

Әлемде алғашқы фотограф ретінде Нисефор Ньепс екені аталса, елімізде Қазақтан шыққан ал­ғашқы кә­сіби фото­граф­­тар­дың бірі – Мұхаммедқали Ысқақов пен Шәкен Айманов саналады.

Осы күні күнделікті өмірде фотоға түсуге әуес жандар заманауи технологияның көмегіне жүгінеді. Барлық үйде сарғайған сурет салынған альбом табылады. Әрбір заманның өзіндік үлгісі қалыптасып, фотоға түсу мәдениеті дамыған. Әлемде секунд са­йын 93 мың селфи түсірілетіні мәлім. Демек, көпшілік арасында танымалдылыққа ие «Инстаграм», «Тик-ток» секілді медиа платформа адамның суретке түсуге ынтасын барынша оятып келеді.

Б.ОРДАБЕКОВ

29 наурыз 2025 ж. 143 0