Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш тілде электронды кітап оқиды

Үш тілде электронды кітап оқиды

«Кітап оқу – ақыл тынысы» десек, даналықтың көкжиегін дамытатын оқу құралының саны жетіп артылады. Осы күні көпшілік кітапты электронды түрде оқуды әдетке айналдырған. Заманауи технология көмегіне жүгінген оқырман қауым кітапты электронды түрде оқу – уақытты тиімді пайдаланудың жолы деп біледі.

Күнделікті қоғамдық көлікте, аялдамада, асханада электронды түрде кітап оқыған адамды көп кезіктіреміз. Мәселен, Тереңөзек кен­тінің тұрғыны Ерхан Алдабергенов электронды кітап оқуды 23 жасынан бері әдетке айналдырған. Ерхан бос уақытында электронды кітапты жүктеп алып, кез келген жерде оқи береді. Кітап оқудың өзіндік тәсілін меңгерген ол сан түрлі жанрда кітап оқығанды жақсы көреді. Бір кітапты 3-4 күнде тауысатын Ерхан Мергенбайұлы ең алғаш тарихи кітаптар оқыған. Қазіргі уақытта фантастика жанры бойынша қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кітапты еркін оқуға дағдыланған.

– Кітап оқудың өзіндік ерекшелігі бар. Көбіне оқырман қауым кітапты қағаз түрінде оқыса, өзім электронды жазбаларды шолуды жақсы көремін. Ең бірінші кезекте электронды кітапқа қызығушылығымды Дидар есімді жаңақорғандық жігіт оятты. Электронды кітапты арнайы сайттар арқылы жүктеп аламын. Шындығында, қазақ тілінде жария­ланатын сайттардағы кітаптың сапасы төмен. Ұялы телефон арқылы кітап оқудың өзі – адамның дүниетанымын кеңейтеді. Бос уақытты тиімді пайдалана отырып, мүлдем таныс емес таңсық дүниемен танысуға мүмкіндік аламын. Ағылшын тіліндегі кітаптарды оқуды меңгеріп жүрмін, – дейді Ерхан Мергенбайұлы.

Қаржы саласы бойынша білім алған Ерхан Мергенбайұлы арнаулы бір сайттың өзінен 230 кітапты жүктеп алған. Кейіпкеріміз 10 жыл бойы электронды кітапты жанына серік еткен. Осы кезге дейін өзінің 400-ден аса кітапты оқып шығуына жағдай жасаған. Бір кітапты орта есеппен 150 бет деп алсақ, оның 3650 күнде 60 мың бет оқығандығын байқаймыз. Flibusta.su author.today секілді сайттан кітап жүктеп алатын білімді азамат – №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі.

Бүгінде Ерхан Мергенбайұлы фантастика бағытындағы кітапты оқуда. Үнемі ұялы телефон арқылы әлем­нің баға жетпес рухани жауһарларымен танысатын жанға сәттілік тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Нұрболат Нұржаубай
11 ақпан 2025 ж. 75 0