Тарихты таспалаушылар
Сурет тарих болса, суретке түсіру – өнер. Ал оның хас шеберлері фотографтар екені анық. Олар қолындағы цифрлық құралмен суреттерді сөйлете біледі. Сондықтан да 12 шілде халықаралық фотографтар күні болып белгіленген.
Кез келген қарапайым сәттен ерекше туынды шығару, яғни «шырт» еткізіп суретке түсіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қатпарлы тарих керуенінің қас-қағым сәттерін қалт жібермей, оны келешек ұрпаққа жеткізетін фотографтардың өнеріне таңқалмасқа болмайды. Осы ретте, жұртшылық қазақтан шыққан тұңғыш фотографты біле бермеуі мүмкін. Білмесеңіздер айтайық, қазақтан шыққан тұңғыш фотограф – Шәңгерей Бөкеев. Ол Жәңгір ханның немересі, ақын, аудармашы. 1901 жылы Бөкей хандығының құрылғанына 100 жыл толуына орай Петерборда салтанатты іс-шара өтіп, оған Ш.Бөкеев қатысады. Және де ол ІІ Николайдың өз қолынан сыйлыққа фотоаппарат алған. Жалпы тұңғыш фотографтың бүгінге жеткен 10-нан аса фототуындысы бар.
Фотографтар туралы айтқанда, әр суреті бір тарих болатын және кез келген суреті сөйлеп тұратын елімізге белгілі фотограф Болат Омарәлиевті айтпай кету мүмкін емес. «Қазыналы қапшығыңызды қаққылай берсеңіз, жарты ғасыр емес, алты ғасырға баратын суреттеріңіз де табылып қалады-ау...» деп белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы айтқандай, әрбір туындысының өзіндік бір тарихы бар. Мәселен, Б.Омарәлиев соғыс салған жараның адам баласы үшін ауырлығын, қасірет шеккен елдің қалай күйзелгенін һәм ұрпағын ойлап азап арқалаған қазақ аналарының бейнесін көрсеткен бір суретті қалай түсіргендігі жөнінде былай әңгіме өрбітеді: «1983 жылдың күзінде Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында жүзге келген ана Қалампыр Әлімбетованы кездестірдім. Әжені негізінде бұрыннан білетін едім. Он жастағы ойын баласы кезімде кезекті Жеңіс мерекесі салтанатына орай көрші ауылға бардық. Анам сол тойда бір кейуанамен кездесіп, шұрқырасып қалды. Қарт ананың кеудесінде «Отан соғысы» ордені тұрды. Анам ол кісімен шүйіркелесіп болған соң, былай шыққанда «анау тағып алған не орден?» деп сұрамаймын ба. Сол кезде анам «Ол – соғыста қаза тапқан ұлының ордені» деп жауап берген. Кейіннен Шіркейліде тұратын, жасы жүзге тақаған Қалампыр әжені тауып алдым. Ұлдары Кенбай, Сейдахмет Шамахановтарды қырық жылдан бері келеді деп күтумен отыр екен. Үмітін үзбеген. Соғыстан жіберілген бір баласының «Отан соғысы» орденін алақанына салып күбірлеп сөйлеп отырады. Сол мен көрген баяғы орден. Жыламайды – жылай-жылай көз жасы таусылған. Ес ақылы дұрыс. Сол екі күн бойы суретке түсірдім. Әдепкіде суретке түсуге көнбеген соң әжені алдауға тура келді. Мен өтірік айттым. «Әже, ұлдарыңыз тірі, хат жазыпты, онда апамның суретін салсын депті» деп соқтым. Жүзге келген қарияны, ғұмыр бойы балаларын аман келеді деп күткен, үміттенген әжені алдағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Бірақ, басқа амал бар ма? Сол екі күнгі түсірілімде 100-ден аса сурет тартыппын. 98 сурет жарамсыз болып шықты да, ең таңдаулы деген екі сурет осы. Суретке түсіргеннен кейін, 20 күннен соң Қалампыр әже де бақилық болды».
Міне, кез келген суретті сөйлетуде ептілік пен талғамдық, шапшаңдық пен төзімділік керек.Ал аудан тарихын таспалаған фототілшілердің ішінде Ерғали Әбдіқалықовтың шоқтығы биік. Аудан жұртшылығы ол кісіні «Ерхан» деп таниды. Алпыс жасқа қараған шағында өмірден өткен хас өнердің шебері «Зенит» фотоаппаратымен көптеген туындылар түсіріп, бүгінде олар тарих болып сақтаулы.
Негізінен, бұрындары суреттер тек фотоаппаратпен түсіріліп, альбом ретінде сақталатын. Қазіргі цифрлық жүйе жедел дамыған шақта, суреттер ұялы телефонмен түсіріліп, сонда сақталады. Десе де кез келген адамның «қалтафонмен» түсірген суреті мен кәнігі фотограф фотоқұрылғымен түсірген сурет арасында айырмашылық жер мен көктей. Сол себепті де бүгінде фотографтардың қоғамдағы беделі жоғары.
Е.ЖАППАРБЕК