Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқарма басшысы: жұмысты жүйелі үйлестіру – мектеп директорының басты міндеті болуы қажет

Басқарма басшысы: жұмысты жүйелі үйлестіру – мектеп директорының басты міндеті болуы қажет

Басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Іссапар барысында аудан және ондағы елді мекендерде орналасқан спорт ғимараттарының жұмысымен етене танысып, мектеп директорларына бірқатар кемшіліктер мен ескертулерге байланысты нақты тапсырма берді.

Басқарма басшысы ең алдымен Тереңөзек кентіндегі № 11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда спорттың 13 түрінен атап айтқанда ауыр атлетика, бокс, гандбол, волейбол, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі, футбол, қазақ күресі, панкратион, каратэ, көгалдағы хоккей, тоғызқұмалақ бойынша 953 спортшы жаттығады. Ондағы жаттықтырушылар саны – 31. Осы ретте басқарма басшысы спортшылардың жалпы нәтижесі бойынша мектеп директорына сын айтып, барынша олимпиадалық спорт түрлерін дамыту керектігін ескертті. Сондай-ақ, спорт кешенін күтіп ұстауда бірқатар кемшіліктер барын айтты. Одан кейін Тереңөзек кентіндегі тағы бір спорт кешенінің жұмыс барысы таныстырылды. Мұнда дзюдо, волейбол, көгалдағы хоккей бойынша 253 спортшы жаттығады. Дегенмен, басқарма басшысы ғимараттың құрылысына және тазалығына қатысты ескерту айтып, аталған кемшіліктерді жоюды қатаң түрде тапсырды.

Одан кейін басқарма басшысы Сырдария ауданына қарасты спорт клубына барып, ондағы жас спортшылармен кездесті.
Жұмыс сапары ауданға қарасты Ақжарма ауылдық округіндегі спорт кешенінде жалғасты. Бұл мектеп №11 спорт мектебінің теңгерімінде болса да ондағы жаттықтырушылар №12 спорт мектебінде тіркелген. Дәл осы мәселе Қармақшы ауданындағы №15 және №16 спорт мектептерінде кездескен болатын. Осыған байланысты басқарма басшысы жұмысын дұрыс үйлестіре алмаған мектеп директорларын ерекше сынға алды. Аталған мектептердің кадрлық мәселесін оңтайландыру мақсатында басқармаға хат жолдауды және белгіленген мерзімде нақты шешім шығару қажеттігін ескертті.

Келесі аялдаған нысан – Шаған ауылындағы №12 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жалғасты. Бұл мектепте спорттың 10 түрі бойынша нақтырақ айтқанда, бокс, волейбол, дзюдо, үстел теннисі, еркін күрес, қазақ күресі, белбеу күресі, қол күресі, шахмат, футбол бойынша 770 спортшы бар. Осы ретте Бахтияр Ғарифоллаұлы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшылардың нәтижесіне көңілі толмағандығын жеткізді. Сондай-ақ, ғимаратты күтіп ұстау бойынша нақты жұмыстар атқарылмағандығын айтып, мектеп директорына қатаң ескерту жасады.

Сондай-ақ, Шағандағы тағы бір спорт кешенінің жұмысымен танысқан басқарма басшысы мұнда да тазалық жұмыстарына немқұрайды қарау бойынша мектеп директорына сын айтты. Бахтияр Ғарифоллақұлы жеті жыл қызмет атқарған мектеп директорының жүйесіз жұмысына байланысты ескерту жасады. Тиісінше, мектеп директорларының алдағы жұмыс нәтижесін қатаң түрде тексеріп, нақты шешім шығарылатынын жеткізді. Одан бөлек, спортшылардың нәтижесін одан әрі жақсартуды және спорт залдарын олимпиадалық спорт түрлеріне бағыттау керектігін айтты.

Жұмыс сапары Нағи Ілиясов ауылындағы спорт кешенінде жалғасты. Бұл ғимарат № 11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгерімінде. Бахтияр Ғарифоллаұлы ондағы жас спортшылармен кездесіп, жаттығу жұмыстарын үзбеу керектігін айтып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі.

@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

21 наурыз 2025 ж. 39 0