Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДЫҚ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІ ҚАЙ КЕЗДЕ ҚАЛАНДЫ?

АУДАНДЫҚ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІ ҚАЙ КЕЗДЕ ҚАЛАНДЫ?

№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің негізі 1969 жылы қаланып, аудандық білім бөлімі жанынан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі болып ашылған болатын. Мектепті алғаш басқарған аудан спортының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан волейболшы Кеңес Иноятовтың есімі аудан халқына етене таныс. Оның спорт саласына сіңірген еңбегі кезінде лайықты бағасын алған болатын. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, волейбол, шахматтан облыс чемпионы атағын алған байырғы спортшы зейнеткерлікке шыққанша спорттан алыстаған емес. Кейін спорт мектебін Бақытжан Абдулпаттаев, Төлеген Бекенов, Пазылхан Абдулпаттаев, Жұмабек Дәрмен, Марат Ерташов, Шәкір Қиықбайұлы, Серік Камалов, Жарасбек Ермекбаев басқарса, қазіргі уақытта Бағдат Есенов басшылық етеді.
2013 жылғы 7 шілдеден бастап Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «№11 Сырдария ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгерді.
Соңғы жылдары «№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» болып жұмыс істейтін мектепте 13 спорт түрі бойынша оқу-жаттығу жұмысы жүргізіледі. Спорт мектебінде 21 мұғалім-жаттықтырушы дәріс береді.
Олар тоғызқұмалақ, волейбол, көгалдағы хоккей, таеквондо, жеңіл атлетика, дзю-до қазақ күресі, ауыр атлетика, қол добы, самбо, белбеу күрес, еркін күрес, футбол сияқты спорт түрлерінен 800-ге жуық оқушыны жаттықтырады. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жаттықтырушылар, спорт майталмандары Б.Рысмахан, Ж.Темірғалиев, Ж.Бохаев, А.Сейпулов, М.Алдабергенов, Б.Баймырзаев, Ж.Хусаинов, Қ.Төленова, А.Нәрікбаев, Е.Әділбеков, М.Әбжаппаров, Ж.Сәркеев, Н.Жұбанов, Ж.Қаусов, Р.Алтынбеков, Б.Жармаханов, Б.Ахметов, Б.Елеусін еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Абыройға бөленген жандарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.
2019 жылдың жеті айында көрсеткен жетістіктерін атап өтсек, 15 -21 шілде күндері Чонбури (Тайланд) қаласында индорхоккейден ерлер арасында Азия Кубогі өтті. Сыр елінің спортшылары табысты өнер көрсетіп, ерлер құрама командасы ІІ орынды еншіледі.
ҚР ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетіп жүрген №11 Сырдария олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Дәулетбек Әлиев дүбірлі додаға өз үлесін қосты . Алматы облысы Талдықорған қаласында 1-6 тамыз күндері аралығында көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының V жазғы Спартакиадасы өтіп, жарыс нәтижесінде ҚР ұлттық негізгі құрамадағы №11 СОРМБЖМ-нің көгалдағы хоккей бөлімшесінің спорттық жетілдіру тобының спортшылары Нұрлыбек Ұзақов, Дәулетбек Әлиев, Шыңғыс Сейітқалиев, Асхат Зұлпыхаров жақсы өнер көрсетіп күміс медальға ие болды. Бұл спортшылар енді 25-30 тамыз аралығында Алтай өлкесі Барнаул қаласында Ресей федерациясының 3-айналымына және 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Талдықорған қаласында Орталық Азия Кубогы жарыстарына қатысады. Осы күнге дейін Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жалпы 22 медаль – 9 алтын, 5 күміс, 8 қола жеңіп алды. Жоғары дәрежелі 5 спорт шебері, 66 спорт шеберіне үміткер, 16 І-ші дәрежелі спортшы дайындалды.

Гүлстан АЛМАШЕВА,
№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар – жасөспірімдер мектебінің
директорының орынбасары
17 тамыз 2019 ж. 839 0