Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқарма басшысы Жалағаш ауданында жұмыс сапарымен барды

Басқарма басшысы Жалағаш ауданында жұмыс сапарымен барды

Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы Жалағаш ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында ауданға қарасты елді мекендердегі спорт кешендерінің жұмысымен танысып, спортшылардың тыңғылықты дайындығын тексерді.

Басқарма басшысы ең алдымен Аққыр ауылында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен салынып жатқан ангар типтегі спорт ғимаратына барып, нысанның құрылысымен танысты.

Одан кейін Мәдениет ауылындағы №14 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, ондағы жұмыс барысына куә болды. Бұл мектеп спорттың 9 түрінен атап айтқанда, ауыр атлетика, бокс, волейбол, гандбол, дзюдо, еркін күрес, таеквондо, қазақ күресі және кикбоксинг бойынша 692 спортшыны жаттықтырады. Ал жалпы жаттықтырушылар саны – 17. Нысанды толық аралаған басқарма басшысы тазалық жұмыстары мен ғимаратты күтіп ұстау бойынша мектеп директорына бірқатар ескерту айтты.

Сондай-ақ, Бахтияр Ғарифоллаұлы аталмыш мектепке қарасты бокс бөліміне барып, болашақ чемпиондармен кездесті. Кездесу барысында жас боксшыларға үздіксіз жаттығу жасау керектігін және жетістікке жетуде талапты күшейту қажеттігін айтып, басқарма тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді. Сонымен қатар, басқарма басшысы мектеп директорына бокс бөлімін қайта жөндеу және сыртқы аумақты ретке келтіру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Одан бөлек, олимпиадалық емес спорт түрлеріне қатысты мектеп директорына ескерту жасап, олимпиадалық спорт түріне ерекше басымдық беру керектігін айтты.

Келесі аялдаған нысан – №14 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Жаңаталап ауылдық окургіндегі спорт кешені. Бұл нысанда қазақ күресі және кикбоксинг бойынша 120 оқушы қамтылған. Дегенмен, бұл нысан күрделі жөндеуді қажет еткендіктен талапқа сәйкес келмейді. Осыған байланысты, басқарма басшысы нақты ұсыныс жасап, қажетті жөндеу жұмыстарына тез арада кірісу керектігін ескертті. Сондай-ақ, басқарма басшысы Бұқарбай батыр ауылында жалға алынған спорт кешенімен танысты. Онда олимпиадалық спорт түріне жататын еркін күреспен 66 спортшы айналысады.

Жұмыс сапары Жалағаш кентіндегі №13 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жалғасты. Бұл мектеп спорттың 13 түрі бойынша атап айтқанда, ауыр атлетика, бокс, баскетбол, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика, таеквондо, үстел теннисі, футбол, қазақ күресі, белбеу күресі, каратэ, тоғызқұмалақ бойынша 1 144 спортшыны жаттықтыруда. Одан кейін басқарма басшысы Жалағаш кентінде жақында ашылатын спорт кешеніне барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жұмыс сапары соңында басқарма басшысы Таң және Аққұм ауылдық округіндегі жалға алынған және мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы берілген спорт кешендеріне барып, ғимарат құрылысындағы кемшіліктер мен қайта жөндеу бойынша басқарма тарапынан ғимарат иелеріне хат жолданатынын ескертті.
Бұдан бөлек, Бахтияр Ғарифоллаұлы олимпиадалық емес спорт түріне қатысты мектеп директорына ескерту жасап, Аққұм ауылдық округіндегі спорт нысанында олимпиадалық спорт түріне жататын бокс және еркін күрестен бөлім ашуды тапсырды.

Айта кетейік, басқарма жанынан құрылған арнайы комиссияда спорт мектептерінің олимпиадалық спорт түрі бойынша жалпы нәтижелері, спортшылардың жүйелі жарыстарға қатысуы, жарыс көрсеткіштері талқыланатын болады. Комиссия қорытындысымен мектеп директорларына ротация тәртібі бойынша тиісті жұмыстар жалғасады.

@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

20 наурыз 2025 ж. 121 0