Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы күнге арналған жиын

Атаулы күнге арналған жиын

Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – дүниежүзілік сайлау күні. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бірқатар іс-шара өткізді.

Ең алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мұшелері колледж студенттерімен, жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесіп, ашық сабақтар ұйымдастырды. Арнайы кездесу барысында Сырдария аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары мен хатшысы жасөспірімдерге жалпы сайлау жүйесі, Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттары депутаттарының, әкімдердің сайлауы қалай өтетіні және кімдер сайлауға түсе алатыны жөнінде кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ еліміз үшін маңызды әрбір науқанда ел жастарының қосар үлесі зор екенін айтып өтті. Өз кезегінде болашақ сайлаушылар құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен жиыннан маңызды ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап тапты.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-ша­ралар барысында сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында өткен басқосуға ұзақ жыл сайлау жүйесінде тиянақты жұмыс жүргізген жандар жиналды. Сондай-ақ жиынға аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Аралас сайлау жүйесі сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі» деп атап, еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру қажет екенін алға тартты. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында сайлау жүйесінде тың серпін қалыптасты. Мемлекет мүддесі, халық игілігі үшін қызмет еткен әрбір азамат, әрбір маманның еңбегі жылдар жылнамасында, тарих бедерінде қалады. Жалпы айтқанда аудан тұрғындары кез келген саяси науқанға зор жауапкершілікпен атсалысады. Осы маңызды науқандардың заң шеңберінде жоғары деңгейде өтуіне өздеріңіз тікелей себепкер болдыңыздар. Бірлесе атқарылған жұмыстардың арқасында Сырдария ауданы облыста үздіктер қатарынан көрініп келеді. Сондықтан сіздердің аудан үшін атқарып жүрген қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудандық сайлау комиссиясы төрағасы Ермек Шайлан.

Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Балшекер Өтегенова сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Кезек сала ардагерлерін марапаттауға берілді. Өз кезегінде аудандық учаскелік сайлау комиссиясында ұзақ жыл елеулі еңбек еткен ардагерлер мен білікті мамандар облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың, сондай-ақ аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Алғыс» хатымен марапатталды. Өз кезегінде еңбек ардагерлері С.Сүлейменов, Ж.Маханбетов, Л.Сапарбаева, Р.Үсенбай аудан­дық сайлау комиссиясына алғысын білдірді.

Салтанатты жиыннан кейін мамандар Айдар­лы ауыл­дық округіндегі Ермахан Рсымбетов­тің, қалжанахундық Өтепберген Әбілов­тің шаңы­рағын­а арнайы барып, ардагерлерді құттықтады. Кәсіби мереке қарсаңында сый-құрметке бө­лен­ген арда­герлер ақ батасын беріп, сала маман­дарының жұмысына сәттілік тіледі.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 ақпан 2024 ж. 140 0