Аумақтық сайлау комиссиясының құрамы жаңарды
Сырдария аудандық сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып Шайлан Ермек Мұратбекұлы сайланды. Жаңа төрағаны аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан активіне таныстырып, жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілген аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамы да таныстырылды. Бұған дейін аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімін басқарып келген Гаухар Қонақбай аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болып бекітілді. Ал хатшылық қызметке Әділет Парзу кіріссе, Ерлан Ахетов, Мақсұт Қаратаев, Берік Жәнібеков, Ержан Бейімбетов аудандық сайлау комиссиясының мүшесі болды.
Аудан басшысы бұған дейін мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен Г.Қонақбайға ризашылығын білдіріп, «Сырдария ауданының 95 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін тақты. Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясының мүшесі болған Берлан Құлмақовқа атқарған мінсіз қызметі үшін алғыс айтып, Алғыс хат табыстады.
– Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты – ерікті сайлау, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық. Біз президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекетпіз. Сондықтан демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау және оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Сондықтан сайлау комиссиясына жүктелер міндет те, жауапкершілік те жоғары. Жаңа құрамның жұмысына абырой тілеймін, – деді аудан басшысы.
А.ИБРАГИМҰЛЫ