Жұлдыздай жарқыраған – Балауса

Сыр өңірінің мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан би тобына биыл 23 жыл толып отыр. Есеп беру концертіне ата-аналар мен №35 мектеп-лицей оқушылары қолдау білдіріп келді. Өнер ұжымы шығармашылық кештің шымылдығын «Қазақ» биімен ашты. Сонымен қатар «Вальс», «Домбыра», «Карнавал» биі, ұлттық биден «Өзбек», «Испан» биін нақышына келтіріп орындады. Мұнан бөлек, өнерпаздар «Гном», «Заманауи» биімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ топ мүшесі Айшабибі Шырынхан жеке орындауда өзбек биімен өз өнерін көрсетті. Концерттік бағдарлама ауданның жас таланттарының әсем әнімен, күмбірлеген күйімен әрлене түсті. Есепті концерт барысында мың бұралған бишілердің өнеріне көрермендер тәнті болып, қошеметін, құрметін аямады. Би мен әсем әнмен өрілген концерттік бағдарламаға жиналғандар үлкен рухани қуат алды. Айта кетейік, концерттік бағдарлама №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде жалғасын тапты.
– «Балауса» би тобы халықтық ұжым болғандықтан жылына бір рет есеп беру концертін өткіземіз. Биыл жылдың басына жоспарланып, өткізіп отырмыз. Есеп беру кешіне аудан орталығындағы мектептердің оқушыларын шақырған болатынбыз. Өйткені оқушылардың би өнеріне деген қызығушылығын арттыру, сыныптастарының өнерін қолдау мақсатында аудандық білім бөлімімен алдын ала келісілді. Шығармашылық кешке қолдау көрсетіп, атсалысқан аудандық білім бөліміне, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіне ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ұжымның жетекшісі Ақмарал Пернебаева.
Қазіргі таңда «Балауса» халықтық би ансамбілінің құрамында 60 өнерпаз өнер көрсетеді. Бағы мен бабы қатар шауып, өнер айдынында еркін жүзген би тобының жетекшісі, балетмейстері Ақмарал Пернебаева, хореографы Таңшолпан Құдабаеваның еңбегі ұшан теңіз. 23 жылдан бері сахнаның көркіне айналған бишілер тобы халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып келеді. Ұлттық өнерді би арқылы насихаттауда ансамбіл Қызылорда облысында республикалық «Jasstar» балалар, жасөспірімдер және жастар фестиваль-конкурсында үлкен топ өнерпаздары «Заманауи» би мен үздік өнерлерін көрсетіп бірінші орын, «SUMMER DANCE» «TANM ART» ХХ республикалық өнер байқауында кіші топ өнерпаздары «Заманауи» биімен бас жүлде иеленген болатын.
Өнерде жұлдызы жанған «Балауса» халықтық би тобының шығармашылығына табыс тілейміз. Жұлдыздай жарқырай бер, Балауса!
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА