Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Биімен шуақ шашқан балауса

Биімен шуақ шашқан балауса

Аудандық мәдениет үйінде «Балауса» халықтық би ансамблінің ұжымы «Биімен шуақ шашқан Балауса» атты шығармашылық есеп беру концерттік бағдарламасын көрерменге ұсынды. Концерттік бағдарламаға жиналғандардың қарасы қалың болғанынан аудан жұртшылығының би өнеріне деген ерекше ынтасы мен құрметі айқын байқалды.

Есеп беру концертіне аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев, халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ Сырдария аудандық фи­лиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов арнайы қатысты. Концерттік бағдарлама барысында ұжым ұлттық «Шаттық», «Жайлауда» билерін орындап көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Үнді», «Өзбек» билерін, модерн жанрындағы «Адам жаны», «Flay Х» заманауи билерін нақышына келтіре орындады. Концерттік бағдарлама ауданның жас таланттарының әсем әнімен әрлене түсті.

Айта кетейік, жақында аудан әкімі «Балауса» ха­лықтық би ансамблінің ұжымын арнайы қабылдап, өнерімен Сыр елінің атын асқақ етіп жүрген бишілерге құрмет көрсеткен еді. Жиында құрылғанына жиырма бір жыл толып, осы уақыт аралығында талай белесті бағындырған ұжым мүшелеріне арнайы «Алғыс хат» пен сый-сияпат табыс етілген.

Би – үлкен өнер. Би – әлемді тербейді. Би өнері адам­­ның жан-дүние­сімен астасып, көңілдермен түсініс­тік табатын қиын әрі қызық жанр. Себебі онда тіл жоқ, сөз жоқ, тек қимыл бар. Бір қызығы, көрермен сахнада қойылған биден сыр ұғып, өзінше топшы жасайды, жан дүниесі тыныш тауып яки делебесі қозып, ерекше күйге бөленеді.

Би өнерін тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсіну қажет. Халқымыздың тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз. Қазіргі таңда танымал бишілеріміздің ізін жалғастыруда аудандық мәдениет үйі жанындағы «Балауса» халықтық би ансамблі бишілерінің еңбегі ерекше. Би өнерін жанына серік еткен бишілеріміз талай шыңдарды бағындырып келеді.

«Балауса» би тобы болып 2002 жылы құрылса, осы жылдар аралығында жемісті еңбектері үшін ұжым 2012 жылы «халықтық» атағын алды. Бүгінгі таңда би ансамблінің жетекшісі Қазақстан хореографтар ода­ғының мүшесі, балетмейстр Ақмарал Пернебаева болса, хореографтар Таңшолпан Құдабаева, Әнел Ораз­ха­нованың еңбектерін атап өту керек. Сыр өңірінің ру­хани-мәдени саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген «Балауса» халықтық би ансамблінің мүшелері аудан, облыс халқына биімен шуақ шашып келеді. Ұлттық өнерімізді би арқылы халық арасына насихаттауда би ансамблі Қызылорда қаласында өткен ХХІІІ облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауынан Бас жүлде, Тараз қаласында өткен І Республикалық «Өнер керуені» атты өнер байқауынан Бас жүлде, Байқоңыр қаласында өткен «Менің туған өлкем» атты балалар шығармашылығы байқауынан жүлделі І орынды, ІХ Ұлттық Жастар Дельфилік ойындарында Үздік төрттіктен көрінген «Балауса» бишілері Петропавл қаласында өткен республикалық Дельфийлік ойындар байқауынан Бас жүлде, «Сырдың жас жұлдыздары» облыстық жас таланттар конкурсынан І дәрежелі дипломмен, Елордамыз Астанада өткен халықаралық «KAZAKSTAN STARS», «Бала шабыты» байқауында «Үздік халықтық би» кубогымен, халықаралық «I`m a Star kz» байқауында гран-приге ие болып, жетекшісі А.Пернебаеваға «Үздік тәлімгер» медалі табыстылды. Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауынан Бас жүлде, Польшада онлайн өткен ХІХ Халықаралық «DIGI-TALENTY.Jesien 2022» би байқауынан жүлделі І орынды, «QYZYLORDA» телеарнасының ұйымдастыруымен жасөспірімдердің об­лыстық «Таңшолпан» эстрадалық телебайқауына би бағыты бойынша қатысып, гран-при жеңіп алып, ұжым мерейі үстем болды.

Бағы мен бабы қатар шауып, өнер айдынында еркін жүзген «Балауса» би тобына шығармашылық табыс ті­лей отырып, аудан абыройын асқақтата беріңіздер деп ті­лек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 шілде 2023 ж. 284 0