Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балаусаның» белесі

«Балаусаның» белесі

Тұрғындар тағы бір тамаша кештің куәсі болды. Жыл соңына қарай аудан өнерпаз­дарының есеп беру концерті өз жалғасын табуда. Мәдениет үйіне жиналған көпшілік бір уақыт күйбең тіршіліктен босап, би өнерінің шексіз құдіретінен рухани азық алды. «Балауса» халықтық би ансамблінің ұжымы «Биімен шуақ шашқан Балауса» атты шығармашылық есеп беру концерттік бағдарламасын ұсынды.

Концерттік бағдарлама барысында ұжым ұлттық «Шаттық», «Жайлауда» биле­рін орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар ұлттық билер мен модерн жанрындағы заманауи билерді нақышына келтіре орындады. Концерттік бағдарлама ауданның жас таланттарының әсем әнімен әрлене түсті. Бишілердің сахналық киімі көпшілікті тәнті етіп, әдемі кешке көрік берді.

Айта кетейік, аудандағы мәдени-рухани іс шаралардың көркін қыздырып жүрген бишілер түрлі деңгейдегі байқауларда үздік шығып, бүгінде өз көрерменін қалыптастырып үлгерген.

«Балауса» би тобы болып 2002 жылы құрылып, он жыл өткен соң жемісті еңбектері үшін ұжым «халықтық» атақ алды. Бүгінгі таңда би ансамблінің жетекшісі Қазақстан хореографтар одағының мүшесі, балетмейстр Ақмарал Пернебаева болса, хореографтар Таңшолпан Құдабаева, Әнел Оразханованың еңбектерін атап өту керек.

Би өнерін тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсіну қажет.

Халқымыздың тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз. Қазіргі таңда танымал бишілеріміздің ізін жалғастыруда аудандық мәдениет үйі жанындағы «Балауса» халықтық би ансамблі бишілерінің еңбегі ерекше. Би өнерін жанына серік еткен бишілеріміз талай шыңдарды бағындырып келеді.

– Би өнері – өнер атаулының күр­делі жанрларының бірі. Бірақ, осы са­лаға қызығушылық танытатындар қатары көп. Себебі би бір жағынан өнер бол­са, екінші жағынан спорт. Өз­дері­ңіз байқайтын боларсыздар, би­ге қатысқан адамның жүріс-тұрысы икем­ді, бойын тік ұстайтын болып келе­ді. Бұның бәрі – үлкен еңбек, көп дайындықтың жемісі. Біздің «Балауса» би ұжымының құрылғанына жиыр­­ма жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта би тобы бірнеше түлек түлетті. Олардың кейбірі қазіргі таң­да осы саланы одан әрі қарай жан­дандыруға еңбек етіп келеді. Жыл қорытындысына орай өткен есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті деп ойлаймыз. Көрерменнің ыстық ықыласынан өнерге, өнерпазға деген айрықша құрметті тағы да аңғардық, – дейді халықтық би ансамблінің балет­мейстрі Ақмарал Пернебаева.

Бағы мен бабы қатар шауып, өнер айдынында еркін жүзген «Балауса» би тобына шығармашылық табыс тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
26 желтоқсан 2023 ж. 347 0