Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Би өнерінің жұлдызы – «Балауса»

Би өнерінің жұлдызы – «Балауса»

Би – қозғалыс, би – өнер. Көңілді әуенге ырғалып би билеу адам өмі­рін ұзартады. Би – ішкі әлемнің мәдениетін сипаттайтын әлем. Би арқылы тән сұлулығын сақтайсыз, жаныңыз жадырап, тыныштық табасыз әрі күйзелістен арыласыз.

Ауданда би өнерін меңгерген кәсіби бишілер тобының қатарында «Балауса» би тобының орны ерекше аталады. 2002 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған би тобы әдепкіде би үйір­месі негізінде «Эластик» би тобы деп аталды. Би тобына өнер иесі Ақмарал Пернебаева жетек­шілік етеді.

– Ауданда би үйірмесін ашқан жылдан бас­тап ізденістің, шығармашылықтың арқасында көп­­теген байқауларға қатыстық. Топтағы өнер­лі қыздардың би өнерін үйренуге деген қы­зығушылығы жыл сайын артып, жыл өт­кен са­­йын өнерді кәсіби тұрғыда меңгерді. Ең ал­ғаш рет 2003 жылы «V Бозторғай балалар шығар­машылығы байқауына «Молдабай», «Украин» биі­мен қатысып, ІІІ орынмен марапатталдық. Одан соң жыл сайын осы байқаудың сахнасын­да өнер көрсете бастадық. 2005 жылы «VІІ Бозторғай» балалар шығармашылығы бай­қа­уында жүлделі І орын алып, халықаралық бай­қауға жолдама алдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын топқа кішкентай бүлдіршіндер қабыл­данып, «Балдырған» би тобын құрдық. Өнер ұжы­мының ең үлкен белесі 2011 жыл болды. Осы жылы халықтық атаққа ұсынылып, 2012 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 16 қаңтардағы №7 бұйрығымен «халықтық» атақ алдық. 2016 жылы «халықтық» атақты қайта қорғап, аттес­тациядан өттік. Хореограф Таңшолпан Құда­баевамен шығармашылық ізденісте үлкен топ, орта топ, кіші топ бишілерімен би өнерін бағын­дырып келеміз, – дейді топтың балетмейстрі Ақ­марал Пернебаева.

Би өнерінің құдіреттілігі сонша, онымен айналысқан адам көптеген дерттің алдын алады. Адам бойындағы үрейден арылып, ми жұмысын жақсартады. Ойлау қабілетін дамытады, топта жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады әрі бір-бірімен қарым-қатынасты күшейтеді. Жалпы, кез келген биші – өз-өзіне сенімді, өзгені жатыр­қамайтын, жаңа ортамен тіл табыса алатын қа­­білетке ие адам. «Балауса» би тобының сан түрлі байқауларда жетістікке жеткізетін қасиеті де ұжымда қалыптасқан тәртіп пен өнерге деген шынайы сүйіспеншілік.

Биылғы жылды керемет жетістіктермен қо­рытындылаған балаусалықтар желтоқсан айы­ның басында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің жұлдыздары» атты есепті концерттік бағдарламасын көрермендерге ұсын­ды. Концерттік бағдарламаға 51 өнерпаз биші қатысып, өнер көрсетті. «Балауса» би тобы қазақ биі – «Шаттық», «Кесе», «Құрбылар» биін, «Испан», «Үнді», «Өзбек» билерімен қатар заманауи билер «16 шотс», «Флешмоб», «Тик-Ток» биін орындады. Би ансамблінің ең кіші даярлық би тобы «Қуыршақтар», «Мысықтар» биін көрерменге алғаш ұсынды. Есепті концертте жас өнерпаздар А.Ислам «Бақыт таба­йын», Т.Асанәлі «Париж, Дубай, Лондон» әнін орындаса, мерекелік концерт «Шашу» биімен қо­рытындыланды.

Көрермендер ықыласына бөленген өнерлі ұжым айтулы мерекеге орай облыстық «Oner fest» І ашық өнер фестиваліне қатысты. Сыр­да­риялық халықтық би ансамблі фестивальде «Шаттық» биін орындады. Фестиваль корытындысында 37 топтың ішінен оза шапқан топ І орынды иеленді. Сонымен қатар, осы байқауға қатысқан, «Балауса» халықтық би ансамблінің даярлық тобы «Мысықтар» биімен қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Жас өнерпаздарды дайындаған хореограф Т.Құдабаева:

– Өнер ұжымы фестивальге үлкен дайын­дық­пен келді. Кәсіби тұрғыда би билейтін топ бишілері керемет өнер көрсетті. Қазылардың жоғары бағасын алдық. Әрине, бұл биші қыз­дардың әрқайсысының еңбегі әрі өнерге деген махаббаты, – дейді.

Өнерде жұлдызы жанған «Балауса» халық­тық би тобын әлі талай байқаулар күтіп тұр. Жар­қырай бер, «Балауса»!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
28 желтоқсан 2021 ж. 708 0