Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлгілі үрдіс жалғасын табуда

Үлгілі үрдіс жалғасын табуда

Аудандық газетке қолдау көрсетіп, басылымға жазылуға шамасы келмейтін еңбек ардагерлерін 2025 жылдың І жартыжылдығына аудандық газетке тегін жаздырып беру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, демеушілік қолдау көрсетушілер қатары да баршылық. Яғни демеушілік жасауға ниетті адам арнайы шотқа қаржы аударады, редакция қызметкерлері ұсынылған тізім бойынша газетке жазылуға шамасы келмейтін ардагерлерге басылымды тегін жазып, апарып береді.

Осы орайда биылғы газетке жазылу науқанында жомарт жүректі жан­дардың ықпалымен, көптеген еңбек ардагерлері келер жылдың алты айында аудан жаңалықтарын оқитын болады. Жалпылай айтқанда бұл да қайырымдылыққа жатады. Ал газеттің сөзі мың жылдық екенін ескерсек, бұл газетті әр адам оқып, жаңа нәрсені ұққан сайын қайырымдылық жасаушыға сауабы жазылып тұратын болады.

Аудандық басылымды құрметтеп, жазылу нау­қанында демеушілік көр­сеткен біршама қол­дау­шыларды өткен газеттерде айтып өттік. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Осы орайда Сыр өңірі мен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ру­хани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азамат, «Құр­мет белгісі» ор­де­нінің иегері, Сырдария ау­да­нының Құр­метті азаматы Абызбай Маханбетовтің ұрпақтары жыл сайын аудандық газетке ерекше қолдау көрсетіп келеді. Биылғы жылы да үлгілі үрдіс өз жалғасын та­уып, Абызбай ағайдың ұлы Ғалым Абызбаев «Ком-Мұ­най» компаниясының атынан 50, жеке өз атынан 20 ардагерді аудандық газетке жаздырып берді. Абызбай Маханбетовтің есімі редакция үшін елеулі әрі құрметті. Олай дейтін себебіміз, Абызбай ағай партия органдарында, сонымен қатар аудандық газетте бас редактор болып ұзақ жыл қызмет істеген. Аудан жаршысының халыққа уақытылы жетіп, сапалы шығуына, газеттің бүгінгі келбетінің қалып­тасуына қиын кезеңдерде үлес қосқан. Бүгінде арда азаматтың ұрпақтары аудандық газет редакциясының ұжымымен ұдайы байланыс орнатып, басылымға тұрақ­ты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Сонымен қатар Қы­зыл­орда қала­сындағы «Қор-Мұнай» компаниясы ак­цио­нер­лік қоғамы да ау­дандық газетке жыл сайын тұрақты түрде қол­дау көрсетіп келеді. Ком­пания директоры Дәу­лет Дәукенұлы – басылым жанашыры. Игі істің басы-қасынан табылатын арда азамат 50 газетті аудан ардагерлерінің мекен­жайына бір жыл мерзімге тегін жаз­дырып берді. Үлгілі үрдіс бұдан кейінгі уақытта да өз жалғасын табатынына сенім кәміл. Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған «Қор-Мұнай» компаниясы шикі мұнайды және ілеспе газды өндіру жұмыстарын жүргізетінін айта кету орынды.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл аталы сөз әлі күнге өз маңызы мен мәнін жойған жоқ. Басылым мен оқырман барда даналық сөз өз құнын жоймақ емес. Ал халық пен тіл барда баспасөз жойылмайтыны бесенеден белгілі. Газет ойлы оқыр­манымен құнды. Журналистер қауымы сапалы мақа­ла жазып, пайдалы ақпарат таратуда жұмысты жандандыра береді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 желтоқсан 2024 ж. 96 0