Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұғыры биік төл газет

Тұғыры биік төл газет

Тарихы тереңнен сыр шертіп, түгел ауданның айнасына айналған аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің кезекті бас редакторы болу міндеті һәм мәртебесі бізге бұйырыпты. Ұлылардың ізі қалып, ізгі жайсаңның жақсы жолымен жалғасқан қара шаңырақтың жүйелі жұмысын лайықты жалғастыру – біз үшін абыройлы міндет.

Қызметтік бастамамыз 2025 жылдың І жартыжылдығына жазылу науқанымен тұспа-тұс келді. Бұл – басылым беделінің биіктеп, журналист жұмысының ширығатын кезі. Басылым беделі ойлы оқырманымен бағаланады. Ең алғашқы кезеңде «Сталин жолы» газеті 1000 данамен шықса, кейін газеттің атауы да, таралымы да өзгергені ақиқат. Бүгінде алыс-жақын ауыл мен қалаларда өзіндік оқырманы қалыптасқан газет 2016 жылдан бастап ресми сайты арқылы онлайн оқырманға да өз қызметін ұсынып келеді.

Газетке жазылу науқаны басталғалы белгіленген жос­парды жүз пайызға орындап, аудандық газетті уақытылы алып оқуға ынталы мекемелер жетерлік. Атап айтар болсақ, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімшесі, Жастар ресурстық орталығы, аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері көш бастап, аудандық газетке толықтай қолдау көрсетті. Келер жылдың газетіне белгіленген меже бойынша жүз пайыз толық жазылған мекемелер қатарын №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі, аудандық өнер мектебі мен аудандық мәдениет үйі жалғастырады. Аудандық газет денсаулық сақтау саласы мен білім бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарына ұдайы лайықты қолдау көрсетіп келеді. Өз ретінде аталған салалар да газетке жазылу науқанында редакциямен тығыз қарым-қатынас орнатып отырады. Соның ішінде И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицей мен О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектебі бір демде газетке толық жазылған. Сонымен қатар ауылдық округтерге қарасты №191, №135, №137 орта мектептер де аудан айнасынан қол үзбей, тұрақты түрде және алғашқылардың бірі болып газетке жазылу науқанына қолдау көрсетті. «Газет – тарих. Мерзімді басылымдар өз құндылығын еш уақытта жоймайды» дейді ұстаздар қауымы. Сондай-ақ балабақша ұжымдары да баспасөзге жазылу науқанына өз үлестерін қосып келеді. Алғашқылардың бірі болып жүз пайыз белгіленген межені орындаған балабақшалар ретінде аудандағы «Ботакөз» және Шағандағы «Балбөбек» балабақшасын айрықша атап өтуге болады.

Жалпы аудан тұрғындары – аудандық газеттің тұрақты оқырмандары. Өз кезегінде зейнеткерлеріміз жеке-дара келіп, газетке арнайы жазылып, ақ батасын беріп кетіп жатады. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе.

Осы орайда аудандық газеттің көбірек таралып, оқырманының көбеюіне жеке шаруа қожалықтары да өзіндік үлесін қосуда. Атап айтар болсақ, жылдағы дәстүрмен аудандағы ірі шаруашылықтың бірі – «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиев 2025 жылдың І жартыжылдығына қызметкерлерін 200 дана газетке жаздырып беруге ықпал жасайтынын айтты. Осы үлгілі үрдісті «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов жалғастырды. Азаматтық танытқан төраға аудандық газеттің таралымын 100 данаға арттырды. Басылымға ұдайы қолдау көрсететін ел ағаларын өзге шаруашылықтарға үлгі еткіміз келеді.

Аудандық газеттің таралымы артуы жолында Сыр өңірі мен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, басылымның байырғы редакторы Абызбай Маханбетовтің ұрпақтары үлес қосты. Олар дәстүрлі түрде аудан ардагерлерін мерзімді басылымға жаздырып беріп, жерлестеріне үлгі көрсетті. Атап айтар болсақ, «Ком-Мұнай» ЖШС бас директоры Ғалым Абызбаев компания және өз атынан 70 газет жаздырып, таралымның артуы­на үлес қосты. Сондай-ақ аудандағы іргелі кәсіпкерлер де қалыс қалып жатқан жоқ. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер «Серікбол» сауда орталығы 20 ардагердің алты ай бойына аудан газетін тұшына оқуына себепкер болды. Одан бөлек, атын атап көрсетпеуді өтінген ақжүректі азаматтар мен азаматшалар демеушілік жасап, аудан ардагерлерін газетке жаздырып беруде.

Жалпы бүгінгі күнге 126 ардагердің мекенжайына 2025 жылға аудандық газетті тегін жаздыру жұмыстары ұйымдастырылды. Осы ретте, аудандық газет жұмысына қолдау көрсетіп, басылымға жазылуға шамасы келмейтін ардагерлерді мерзімді басылымға тегін жаздыруға үлес қосып жүрген әрбір жанашыр азаматқа редакция атынан алғысымызды білдіреміз. Бұл игі іс өзге де азаматтар тарапынан жалғасын табады деген сенімдеміз.

Газет оқу мәдениеті – талғамы жоғары оқырманның талабы. Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Дамыған елдердің тұрмысына назар салсақ, ауқатты, зиялы адамдардың күні газет парақтап, жаңалықтармен танысудан басталатын әдемі көрініс жиі кездеседі. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Бетте қатталып, жылнамалар жазылған иісі ерекше парақтар тарих қойнауына енеді. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, газет бетіндегі шынайы ақпарат, байыпты сөз, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық. Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін даналық сөзі өз маңызын жойған жоқ. Халық пен тарих барда, сөз құны яки басылым құны жойылмақ емес. Газет оқырманымен құнды. Олай болса, төл басылымға Сіз де жазылыңыз, қадірменді оқырман!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 желтоқсан 2024 ж. 122 0