Жергілікті газетке жазылуға шақырамыз
Дәл қазір 2022 жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық газеттің тұрақты оқырмандары да жергілікті газетке жазылып, аудан жаңалықтарының жаршысы саналатын басылымға қолдау көрсетуде. Осы ретте игі іске үлес қосып, 30 еңбек ардагерінің мекен жайына «Тіршілік тынысы» газетін жаздырып берген облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Расул Есеновке алғыс айтамыз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп басталатын мақаласын «...адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ қоғамның тыныс-тіршілігінде мерзімді басылымның алатын орны ерекше екенін ұғынуға болады.
Қазақ баспасөзін қолдаушылардың демеуі мен шығармашылық ұжымның ашықтыққа негізделген жұмысының нәтижесінде соңғы жылдары газетіміздің таралымы көбейді. Біз оқырман санының артуын жақсылыққа балап, алдағы жұмыстарымызды қоғам мүшелерінің игілігіне бағыттайтын боламыз. Қазірдің өзінде аудандық газетте оқырман сұранысына сәйкес арнайы айдарлар ашылып, тұрақты түрде ақпараттық мақалалар жариялануда. Шығармашылық топ мүшелерінің айлық жоспары да оқырмандардың ұсыныс-пікірі негізінде бекітілуде. Аудандық газет ұжымы оқырмандармен тығыз қарым-қатынас жасап, әріптестік байланыс орнатуды жолға қойды деп айтуға негіз бар. Бұл басылым таралымының артуына басты негіз болады деп сенеміз.
Баспасөзге жазылу науқанында басылымның тұрақты оқырмандары ерекше белсенділік танытуда. Мамыр айының басынан бастап 2022 жылдың ІІ жартыжылдығына аудандық газетке жазылушылар көбейді. Олардың ішінде көршілес ауданның тұрғындары да бар. Олар біздің аудандық газеттің жаңалықтарын электронды сайтымыздан көріп, оқып, енді қағаз түріндегі нұсқасын қолға ұстап оқымақ ниетте. Атап өту керек, редакция бастамасымен еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар аудандық газетке демеушілер көмегімен жазылуда. Тағы да бір айта кететін жайт, «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы баспасөзге жазылу науқаны барысында оқырмандар үшін жаңа мүмкіндік жасауды қолға алды. Егер, Сіз аудандық газетке жазылғыңыз келсе, жұмыстан немесе басқа да жағдайлардан редакцияға келуге қолыңыз тимесе, онда редакцияның баспасөз маманына хабарлассаңыз, маманның өзі түбіртек толтыру үшін мекен жайыңызға барады. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді әрі келіп-кету шығыныңызды қысқартуымен де тиімді. Ол үшін 8-777-155-94-53, 21-5-73 телефон нөміріне хабарласуыңыз қажет. Жоғарыда айтылғандай, аудандық газетке Қызылорда қаласымен бірге көршілес Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары да жазыла алады. Олардың мекен жайына басылым аптасына екі рет барады.
Баспасөзге жазылу барысында қолдау көрсетуші барлық азаматқа алғыс айтамыз. Біздің қызметіміз – оқырман үшін. Оқырманнан ұсыныс түссе, сол тақырыпта шығармашылық топ мүшелері қалам тербеуге дайын. Сондықтан оқырмандарды бірлесе еңбек етуге шақырамыз. Біз біргеміз!
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ