Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз – мемлекеттік сыйлық иегері

Жерлесіміз – мемлекеттік сыйлық иегері

Аудандық газет редакциясы – қасиетті қара шаңырақ. Олай дейтін себебіміз, аудан жаңалықтарының жаршысы болып, 85 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Өз қызметін ақпараттандыру саласы бойынша әлде де ел-халыққа арнай бермек. Көпшілік оқырман аудандық газетті «ел жаңалықтарын біліп отырамыз» деп ерекше құрметтеп, іздеп жатады. Редакцияның табалдырығы төр, төрі тұғыр деп, қасиетті қара шаңыраққа балауымыз да осыдан.

Аудандық газет редакциясына жыл қорытындылар тұста сүйінші жаңалық келіп жетті. Аудан азаматтарының қуанышына ортақтасып, сүйінші жаңалықты ел-халыққа жеткізбек ниеттеміз. Сонау Арқаның төрінен келген бұл жаңалықтың мәні де, маңызы да зор. «Баласы бәйге шапса, анасы тақым қысар» дегендей, туған жерден түлеп ұшқан әрбір түлектің жеткен жетістігі, алған асуы – Сыр ананың ортақ қуанышы, ортақ марапаты.

Ауданымыздың тумасы Әділет Омаров Астана төрінде Мәдениет саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Аса дарынды шығармашылық әлеуеті бар қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында ұсынылатын мерейлі марапатты жерлесімізге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстаған. Осы күнге дейін мәдениет пен руханият саласын өркендетуге үлес қосып, жас та болса өзіндік өрне­гін қалыптастырған Әділет Қалиханұлының кезекті марапаты өнерге деген құрметтің жарқын үлгісі деуге негіз бар.

Әділет А.Тоқмағанбетов ауыл­­дық округіндегі №135 орта мек­тебінде білім алған. Жастайынан өнер-білімге жақын болған азамат 1992 жылдың тумасы. Әділеттің әртістік шеберлігі бала күнінен-ақ анық аңғарылған. Мектепішілік іс-шараларда белсенділік танытып жүр­ген жас өмірлік мамандығын да өзінің талабына сай таңдаған. Жоғарғы білімді Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан алған. Кейін аталған уни­верситеттің жоғарғы білімнен кейінгі бөліміне оқуға түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдаған. Сондай-ақ өзін басқа бағытта да жетілдіруді көздеген Әділет «Болашақ» университетінде екінші жоғарғы білім алған. Десек те, өнер мен кино, театр саласынан қол үзбеген жерлесіміз Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кинотану» маман­дығы бойынша докторантура бөліміне оқуға түскен. Осы орайда бүгін­гі таңда елге қызмет ете жүріп, білім алуды жалғастырып жүрген жер­лесіміз өзінің ізденімпаздығы мен талапшылдығының арқасында мемлекеттік марапатқа ие болып отырғанын айта кету орынды.

– Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік. Халықтың материалдық байлығымен қатар, тіпті бірнеше саты жоғары тұратын төл өнері – рухани байлығы. Мәдениет пен руханият саласы барда – халық бар. Ал Сыр елі нағыз таланттардың ордасы деуге негіз бар. Сыр суынан, киелі топырақтан нәр алып өскен ұл-қыздардың осал болуға хақысы жоқ. Бұған дейін Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі­нің құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталдым. Ке­зек­ті марапат, мемлекеттік «Дарын» сыйлығына ие болуым да ел-халықтың ақ тілегінің арқасы. Ақпараттық қолдау көрсеткен ау­дан­дық газет ұжымына рақмет, – дейді Әділет Қалиханұлы.

Өнерімен өрге жүзген жерлесіміз жақында ғана «Ұлттық киноны қолдау мемлекетік орталығы» басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Әділет көрермен көзайымына айналған «Аяулы арман», «Қыздар», «Дос­тар 2», «Әсел және оның құрбы­лары» телесериалдарында да бой көрсеткен. Ш.Аймановтың 100 жылдығына арналған кинофестивальде «Бала Шәкен» қысқаметражды көркем фильмінде Шәкен Аймановтың жас шағын сомдап, бас жүлдені жеңіп алғанын да айта кету орынды. Сондай-ақ «Балапан» телеарнасының «Күлегеш» бағдарламасының бас әртісі, «Ертегілер елінде» бағ­дарламасының дубляж әртісі қыз­меттерін де қатар алып жүрді. Еңбек жолын республикалық мем­лекеттік академиялық Корей музыкалық комедия театрының әртісі болып бастаған. Одан кейін әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында қосымша білім беру педагогы, яғни актер шеберлігі және шешендік өнер пәнінің мұғалімі қызметін қоса атқарған. Прези­денттік шырша, халықаралық фес­тивальдер мен конкурстардың режис­сері, жүргізушісі болған. Педа­гогтік қызметінде шәкірттері көптеген халықаралық фестивальдер мен конкурстардың жеңім­пазы атанып, «Үздік ұстаз» және «Үздік режиссер» номинацияларына ие болған. «Talent» балалар театрының негізін қалап, аталған театр арқылы Түркия және Ресей мемлекеттерінде өткен халықаралық фестивальдардың әр номинациясы бойынша жеңімпазы атанған. Әділет Омаров көптеген рес­публикалық және халықаралық Египет, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Чехия, Италия, Корея, Түркия, Қытай елдерінің семинарлары мен конференцияларына қатысып, кә­сі­би шеберлігін үнемі шыңдап отырады. Сондай-ақ халықаралық байқауларда бақ сынап, жүлделі орын­дарға да ие болып жүр. Бүгінгі таңда биік марапат пен жоғары орындардан көрініп жүр­ген жерлесіміздің тәрбиелеген шәкірттері де елеулі еңбек етіп жүр. «Кез келген жұмысты зор жауапкершілікпен, ынта-ықы­ласымен атқаратын Әділет Қалиханұлы өз шығармашылығын да ұмыт қалдырмай, үнемі ізденіс­те жүреді. Кино саласының қат­парларын ақтарып, мазмұнды мақа­лалар мен сұхбаттар жариялап отырады. Жас кинотанушы ретінде киноиндустрияны жетілдіру бо­йынша ұсыныстарын ортаға салып, шетелдік тәжірибелер мен жаңа бағыттарды қатар зерделеп жүр» дейді әріптестері Әділет жайлы.

Иә, «Бір бала әкесіне жете туады, бір бала әкесінен өте туады» дейді халық. Ауданның білім саласында өзіндік орны бар азамат Қалихан Омаровтың ұлы Әділет Омаровтың әке жолын жалғастыра тәрбиелеген шәкірттері бүгінгі таңда шыңға шығып жүр. Осы орайда жерлесімізді мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақ елінің руханияты мен мәдениетін дамыту жолындағы елеулі еңбегінің еселі, қызметінің абыройлы болуын тілек етеміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 желтоқсан 2024 ж. 145 0