Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан чемпионы атанды

Қазақстан чемпионы атанды

Аудандық газет редакциясында фототілші қызметін атқарған марқұм Ерғали Әбдіхалықовты білмейтін тұрғындар кемде кем. «Ерхан ағай» аталып кеткен азамат редакцияның бекем бірлігі мен көркем тірлігінің артуына зор үлес қосқан азаматтардың бірі де бірегейі. Қаламгерлердің кәсіби мерекесінен кейін ардагердің ұрпақтары хабарласып, бізге сүйінші жаңалықты жеткізді.

– Мерекелеріңізбен құттықтайық әрі отбасымыздағы жаңалықты жеткізейік деп хабарласып тұрмыз. Былтыр атасының мол мұрасы – көзі тірісінде түсірген фотосуреттерін редакцияға алып барған төл немересі Ерасыл Қазақстан Республикасының чемпионы атанды, – деп хабарласты қасиетті қарашаңырақтың келіні Гүлзия Сәрсембаева.

Жақсы жаңалықты естіп, бәрекелді дестік. Ұжымның атынан құттықтап, спортты серік еткен жалынды жастың болашағына сәттілік тіледік. Қазір Ерасыл 8 жаста. Ол бүгінде ауданға белгілі білікті бапкер, ережесіз жекпе-жектің хас шебері Данияр Жүсіпбаевтың тәлім-тәрбиесін алып, шынығып жүр.

– Ерасылдың спортқа құштарлығы, жеңіске ұмтылысы ерекше. Жаттығу залынан алыстамай, спортпен тұрақты түрде айналысса, әлі талай бәсекелерде топ жарады. Оның спортқа бейім болуына қолдау білдірген ата-анасына алғыс айтамын. Бұл жолғы жарыстың деңгейі жоғары болды. Жүздеген спортшы қатысқан жарыста біздің ауданның жігіттері дараланды. Оның ішінде 8 жасында ел чемпионы атанған Ерасылдың жетістігі аудан спортшыларына серпіліс сыйлады, – дейді Данияр Жүсіпбаев.

Айта кету керек, редакция ұжымы ардагерлердің, олардың ұрпақтарының әр жетістігіне тілектес. Кәсіби мереке қарсаңында жақсы жетістікке жеткен Ерасылдың атасы Ерғали Әбдіхалықовтың газеттің сапалық мазмұнын арттыруға зор үлес қосқанын ескерсек, ардақты азаматтың ұрпақтарының қуанышы, жетістігі ұжым үшін де ортақ қуаныш. Сондықтан жеңіске жетіп, жетістіктерге бағыт алған спортшыға тілектестігімізді білдіреміз. Ал редакциямен тығыз байланыс орнатып, газеттің әр нөмірін үзбей оқып, бүгінде біздің тұрақты оқырманымызға және ұжымның жанашырына айналған Гүлзия Сәрсембаеваға жұмыста жеміс тілейміз.

02 шілде 2024 ж. 152 0