Болгария биігін бағындырды
2021 жылы «Қазақстан дауысы» мегажобасында жеңімпаз атанып, Аманкелді ауылының атын аспаннан бір-ақ шығарған әнші, жерлесіміз Құралай Мейрамбек әлем сахнасын бағындырып, өнерімен халықаралық байқау шыңын бағындырды. Сүйінші жаңалықты аудандық газет редакциясына аудандық жастар ресурстық орталығының директоры арнайы хабарлады.
– Ауданымызға қарасты Аманкелді ауылындағы жас таланттардың бірі Құралай Мейрамбек Болгарияда өткен халықаралық «САРАНДЕВ» ДОБРИЧ – 2023 байқауының Гран-При иегері атанды. Аудан әкімі жас талантымыздың жеңіске жетуіне қолдау көрсетіп, ақ батасын берді. Құралай Мейрамбектің жеңісі – ауданымыздың абыройы. Әлемге елімізді танытып, өз өнері арқылы Болгарияны бағындырды, – дейді Н.Абдрасилов.
Аманкелділік жас әнші мегажобаның жеңімпазы атанған сәтте алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, сұхбаттасқан едік. Сұхбат аудандық газет бетінде жарық көрген болатын. Сонда талант иесі «Роза Бағланова, Күләш Байсейітова, Мәдина Ералиева, Бибігүл Төлегенова апаларымыз сынды, өнердегі алдыңғы буын ағаларымыз сияқты әлемді мойындатқым келеді» деген болатын.
– Өнерге деген махаббатым 5 жасымнан басталды. Содан бері ән шырқап, қазақ өнерін шетелге танытуды мақсат еттім. Сол жолда аянбай еңбек ете беремін, – дейді жас әнші.
Міне, бұл – жерлесіміздің кезекті жеңістерінің бірі.
Жас әнші Құралайға аудан халқы қашан да тілектестік білдіріп, рухани қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде Құралай да ат басын ауылға бұрғанда, әуелете әнін арнап, сағынышын басып жатады. Аудан ғана емес, облысты әлемге танытып жүрген күміскөмей әншінің суреті бейнеленген баннер бүгінде Аманкелді ауылының орталығына көрік беріп тұрғанын да айта кеткеніміз жөн.
Небәрі бес жасында «Ботақан» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығалаған әнші қыз содан бері талай сахнаны бағындырып келеді. Оның ішінде, 2011 жылы Испаниядағы Льорет-де-Мар қаласындағы «Опус» байқауынан, Белорусиядағы Витебск қаласында өткен балалар арасындағы «Славян базары» сайысынан, Африканың Мозамбик қаласында «IFLC Mozambique» фестивалінен алған арнайы марапатын атап өтсек болады. Сондай-ақ Румынияның Бухарест қаласында өткен халықаралық «ХІІІ Түрік олимпиадасында» Бас жүлдеге ие болуы, «Bala Turkvizyon» халықаралық байқауының 1-орын иегері атанып, кейін Бразилияның Сан-Пауло қаласында өткен «Colors of the world» фестивалінде өнер көрсетуі де – жерлесіміздің үлкен жетістіктері деп айта аламыз. Ендеше қазақтың бұлбұл қыздарының, қайсар рухты аруларының ізін жалғап, аудан, облыс, республика атын үлкен сахналарда әуелетіп жүрген жас әншіге шығармашылық табыс тілейміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ