Тәуелсіздік – ең қасиетті құндылық

Халқымыздың тәуелсіздікке қол жеткізген соң өз экономикасы, жер ресурстары, тілі мен мәдениеті бар, халықаралық қатынастар саласында өзіндік саясатын жүргізе алатын егеменді мемлекетке айналды.
Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттер арасында бірінші болып ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму жоспарын таңдап алған елдің бірі болды. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шетелдермен екі арадағы шекараны дәйектілікпен бекітті. «Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес 1999 жылы Мемлекет басшылары шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Бұл келісім-шарттың тарихи маңызы ерекше зор еді. Себебі Қытай 15 мемлекетпен шектеседі. Олардың бізден басқа бірде біреуімен Қытайдың толық шекаралық келісімі әлі жоқ. Ал 2005 жылы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан – Ресей шекарасы анықталып, БҰҰ тарапынан мойындалды. 2013 жылдың 1-2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары Елордада бас қосып, Астана доктринасын бірауыздан қабылдады. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі талассыз беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді», деп Тәуелсіздік ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз екендігін баса айтқан болатын.
Тәуелсіздікті нығайту, оны сақтай білу, қадірлеу – оны жеңіп алудан қиын екендігі, орасан зор жауапкершілік жүктейтіндігі дәлелденген қағида. Сондықтан да тәуелсіздік тамырынан тағылым алып өсетін ұрпақ өсіру, тәуелсіздіктің оңай келмегендігін ұғындыру, оны көздің қарашығындай сақтауды жеткізу бүгінгі күннің басты міндеті. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ, келешек ұрпақ тәуелсіз елдің тарихын құрметтеп, өзінің де жауапкершілігін сезінуге міндетті.
Иә, ұлан байтақ даланың иесі болған, жат жерліктерге басын имеген ата-бабаларымыздың алдындағы, талай уақыттан кейін тәуелсіз мемлекеттердің соңында өз орнын қайта тапқан халқымыздың алдындағы ерекше жауапкершілік жүгі біздің күш-жігерімізді одан әрі жұмылдыруды, өткен тарихтан сабақ алуды талап етеді. Өйткені қазіргі дүниеде болып жатқан оқиғалар да бүгінгі ұрпаққа ауқымды міндеттер жүктейді.
Бибісара ЖАНӘЛІ