Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Арманымыз шындыққа айналды

Арманымыз шындыққа айналды

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында: «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын»,- дейді.

Шындығында, 1991 жылғы «Тамыз бүлігінен» кейін Кеңес Одағы құрамындағы елдер түгелдей өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл уақыттар Одақтың іргесі шайқалып, ыдырауға бет алған тұс болатын. Жалпы, КСРО-ның тоқырау кезеңі бұдан бұрынырақ басталған еді. Елдегі тұрақтылықты сақтап, жаңа бастамаларға негізделген М.Горбачевтің «Қайта құру» реформасынан ешқандай нәтиже болмады. Керісінше, мемлекеттегі жағдайды одан ары ушықтырып жіберді.

Осы бір елең-алаң тұсты Елбасы жақында ғана берген РОССИЯ 24 арнасына берген сұқбатында былай суреттейді: – Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңдысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылы 1 желтоқсанда ел тарихындағы Тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98 пайыздан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты,-деп сұқбат берді.
Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялау үшін әлі талай жұмыстар атқару керек болатын. Бұл орайда келіссөздер өз тиімділігін көрсетті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін барлық істі басынан бастау қажет болатын. Бұл оңай шаруа емес. Тәуелсіз мемлекеттерге тән символдар, оған қажетті реформаларды қабылдау кезек күттірмейтін мәселелер еді. Мұның барлығын ел болып атқара білдік. Оған Елбасы мақаласындағы деректер дәлел.
Жалпы, «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын Тәуелсіздікке дейін және Тәуелсіздік алған кейінгі кезеңдер деп бөлуге болады. Барлық мәліметтер тарихи деректер мен күнтізбеге негізделген. Елбасы пікірлері сонысымен шынайы.

Мақаланы оқыған адам тәуелсіздіктің құнын терең түсіне түседі. Әсіресе, бұл бүгінгі жастарға таптырмас ақпарат деп ойлаймын. Өйткені, елдің ертеңі-жастар.

Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі



13 желтоқсан 2021 ж. 240 0