Тәуелсіздік – киелі ұғым
Халқымыздың тәуелсіздікке, аумақтық тұтастыққа деген арманы біздің заманымызда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында орындалды. Кеңес одағының құрамында өткен жетпіс жылдан аса өмірден кейін Қазақстан егемендігін алды, өз экономикасы, жер ресурстары, тілі мен мәдениеті бар, халықаралық қатынастар саласында өзіндік саясатын жүргізе алатын тәуелсіз мемлекетке айналды.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, жаңа тарихын бастайтынын әлемге паш етті. Осы ретте алда тұрған басты мақсат – егеменді мемлекет құру, азаматтық қоғам институтын түзу болатын. Мұның барлығын жүзеге асыру үшін Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен ел болып алға ұмтылдық. Қазақстан пешенесіне молшылықты аямаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, ер де берген. Осынша бақ, осынша бақыт халықтың қазынасы.
«Тәуелсіздік – еліміздің әрбір күнінің, әрбір қадамының, қиыншылығы мен өркендеп дамуының, қателіктері мен табыстарының белесі, жүріп өтетін жолы, тарихи шежіресі», дейді белгілі ғалым Мұрат Мұхамедұлы.
Жетпіс жылдан астам уақытта қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру, экономиканы қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы жүргізілді. Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттер арасында бірінші болып ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму жоспарын таңдап алған елдің бірі болды. 1997 жылдың 11 қазанда «Қазақстан – 2030» атты ұзақ мерзімді даму стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шетелдермен екі арадағы шекараны дәйектілікпен бекітті. «Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекара сызығын деморкациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес 1999 жылы Мемлекет басшылары шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Бұл келісім-шарттың тарихи маңызы ерекше зор еді. Себебі Қытай 15 мемлекетпен шектеседі. Олардың бізден басқа бірде біреуімен Қытайдың толық шекаралық келісімі әлі жоқ. Ғасырдан ғасырға созылған шекаралық дауға Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың ерекше еңбегінің арқасында соңғы нүкте қойылды. Ал 2005 жылы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан – Ресей шекарасы анықталып, БҰҰ тарапынан мойындалды. 2013 жылдың 1-2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары Елордада бас қосып, Астана доктринасын бірауыздан қабылдады. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі талассыз беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі.
Белгілі ғалым, сенатор Мұрат Мұхамедұлы тәуелсіздік туралы өзінің толғанысын былайша білдіреді:
– Тәуелсіздікті нығайту, оны сақтай білу, қадірлеу – оны жеңіп алудан қиын екендігі, орасан зор жауапкершілік жүктейтіндігі дәлелденген қағида. Сондықтан да тәуелсіздік тамырынан тағылым алып өсетін ұрпақ өсіру, тәуелсіздіктің оңай келмегендігін ұғындыру, оны көздің қарашығындай сақтауды жеткізу бүгінгі күннің басты міндеті болып табылады. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Біздің ұрпақ ту сыртынан тарих тынысын сезініп тұр». Ол біздің бүгінгі тәуелсіздікке қаншалықты күш-жігермен келгеніміздің айғағы болған тарих. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ, келешек ұрпақ тәуелсіз елдің тарихын құрметтеп, өзінің де жауапкершілігін сезінуге міндетті, – дейді ғалым.
Иә, ұлан байтақ даланың иесі болған, жат жерліктерге басын имеген ата-бабаларымыздың алдындағы, талай уақыттан кейін тәуелсіз мемлекеттердің соңында өз орнын қайта тапқан халқымыздың алдындағы ерекше жауапкершілік жүгі біздің күш-жігерімізді одан әрі жұмылдыруды, өткен тарихтан сабақ алуды талап етеді. Өйткені қазіргі дүниеде болып жатқан оқиғалар да бүгінгі ұрпаққа ауқымды міндеттер жүктейді.
Алдағы жылы еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтпекші. Қазіргі таңда еліміз көптеген қиыншылықтармен қажырлы күрес жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді қазіргідей қиын жағдайдан алып шығу үшін халықпен бірге қажырлы жұмыс жасауда. Кездескен қиындықтарды еңсере отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын лайықты қарсы алатынымыз аян. Еліміз әлемді жайлаған пандемияны жеңіп шығып, атаулы күнге абыроймен жететініне сеніміміз кәміл.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ