Аудандық газет таралымын арттырды
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. 2025 жылдың І жартыжылдығына мерзімді басылымдарға жазылу науқаны жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда түгел жазылған ұжым мен шаруашылықтарды, төл газетке демеушілік жасап, қолдау білдірген жандарды ақпараттандырып отыру дәстүрге айналған.
Мерзімді басылымдарға жазылуды насихаттау жұмыстарымен ауылдарды аралауға шықтық. Кезекті сапарымыз шаруасы шалқыған Шаған ауылынан басталды. Күріштен мол өнім алып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан «Шаған Жер» серіктестігіне ат басын бұрдық.
«Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» дегендей, серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов ағамызды шаруашылық ғимаратының алдынан кезіктірдік. Жылы шырай танытып, ауыл-елдің түгел амандығын сұрасқаннан кейін келген шаруамызды айттық.
«Газет – халықтың құлағы, үні. Әсіресе, үлкен кісілер жағы газетті асыға күтіп отырады. Газеттің сапасы, мазмұны байып, жастар мен жасөспірімдердің де жақын досына айналып келе жатқаны және бар. Жергілікті басылымдарды әркез қолдаймыз» деген серіктестік басшысы аудандық газеттің жүз данасын жаздырып беретінін айтты. Осылайша шалқыған Шағанға барып, шаруамыз оңынан шешіліп қайтқан едік.
Қазіргі таңда келесі жылдың алғашқы алты айына мерзімді басылымдарға жазылу науқаны жүріп жатыр. Жылына екі мәрте келетін науқан редакция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осы кезеңде нағыз жанашыр азаматтар қазақ баспасөзінің дамуына қолдау білдіріп, белсенділік танытады. Бұл үлгілі үрдісті дәстүрлі түрде жалғастырып келе жатқан шаруашылықтың бірі де бірегейі – осы «Шаған Жер» серіктестігі.
Шаған – аудандағы ең үлкен ауыл. Ал білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Жеңісбек Сыздықов мемлекеттік қызмет саласында да, жеке секторда да жемісті еңбек етіп, ауданның дамуына өз үлесін қосып келе жатқан арда азамат. Қазіргі таңда ең ірі ауылдық округтегі шаруашылық жұмыстарын басқарып, дала диқандарының мол өнімге қол жеткізуін қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ ауданның өсіп-өркендеуі жолында қоғамдық-саяси, рухани-мәдени жұмыстарда белсенділік танытатын серіктестік басшысының аудандық газетке деген қолдауы өзге азаматтарға үлгі боларлықтай. Ендеше адал еңбегінің мерейін көріп, жаңа қарқынмен жұмысын жандандырып келе жатқан шаруалардың алдағы уақытта да биіктен көріне беруіне біз де тілектеспіз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ