Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өмірге құштар көңілмен...

Өмірге құштар көңілмен...

Шіркейлі ауылында көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхамед Әбілқасымовтың шығармашылығын насихаттау, ақынға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқау «Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен» тақырыбын арқау етті.

Тіршілікте жұмыр басты пендеде жазмыштың жазғанына қарсы тұратын қайрат жоқ. Осындайда тіл ұшына «тағдыр» сөзі орала кетеді. Өлшеулі өмірде деннің саулығына жетер байлық бар ма? Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың жарық дүниеге деген құштарлығын тілмен айтып жеткізу қиын. Ақын Нұрмұхамед Әбілқасымовтың қол-аяғы қозғалмайды. Ол бала жасынан осы дерттің азабын тартып келеді. Өмірге құштар азамат тағдырдың жазуына қарсы тұра білді. Өзінің жігерін қайрады. Жүрегінен жарып шыққан жыр шумақтарын алдымен ұялы телефонға жазып, сонда сақтап қояды екен. Аузына кішкене таяқ тістеп, телефонның тетіктерін басу арқылы көпшілікке өлеңдерін ұсынды, өлеңі талай жүректі емдеп, талайға ой салды, өмірге құштарлығын оятып, тәубе­сіне шақырды. Нұрмұхамед Әбілқасымов мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан оқырманды жалынды өлеңдерімен қуантып, өмір­ге құштар екенін танытып келеді. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, рухы биік азаматтың жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы барлығын тәнті етеді. Оның әрбір шығармасынан өмірге деген талпынысты көреміз. Сонысымен де ақынның өлеңдері шалқар шабытқа толы.

Облыстық көркемсөз оқу шебер­лерінің байқауы ақынның туған жері Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінде өтті. «Мен өмірге құштармын» прологымен басталған кеш жүректі жанның жанын сыздатпай қоймады. Көрермен бір жағынан тағдырға «әттеген-ай» айтқанымен, екінші жағынан қиындыққа мойымаған ақын жүректен шабыт алды.

Байқау «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат тайм» жобасымен бастау алды. Мұнан кейін келген қонақтар ақынның жеткен жетістіктері, алған асулары негізінде дайындалған арнайы көрмемен танысты. «Арт уақыт» жобасы аясында шахматшылар турнирі ұйымдастырылды. «Жанұя шуағы» жобасы аясында отбасы, кәсіпкерлік саласында атқарған жұмыстары, жары және балаларымен таныстырылып, арнау өлеңдер оқылды.

Ең алдымен құрметті қонақтар ақын Дүйсенбек Аяшұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқа­руш­ы Жеңісбек Үсенұлы, ауыл әкімі Талғат Құламқадіров, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Жанарбек Нұрымбетов құттықтау сөз сөй­леп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Нұрмұхамед Әбілқасымовқа облыс әкімінің арнайы алғыс хатын табыстады. Байқау екі кезеңнен тұрды. Сайысқа алыс-жақын аудандар мен облыс орталы­ғынан үміт арқалаған жастар қатысты. Барлығы он бір үміткер бақ сынады. Сайыскерлер бірін­ші кезеңде ақын Нұрмұхамедтің өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыса, екінші кезеңде жалпақ жұртқа бел­гілі ақындардың өлеңдерін оқып, жырға шөліркеген халықты қуантты. Ауқымды сайысқа ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, «Дала дидары» халықтық мәдени үгіт бригадасының жетек­шісі Думан Күшекбаев төрелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені қармақшылық Гүлфариза Шакарова жеңіп алды. Ерекше ырғақ, өзгеше образымен көрер­мен ықыласына ие болған жас Н.Әбілқасымовтың «Теңеу» және Қ.Сариннің «Күзгі хат» өлеңдерін оқыды. І орынды қазалылық Нұрман Бекжан қанжығаға байлады. Ал ІІ орын сырдариялық Нұрсұлтан Құдайбергенге бұйырса, ІІІ орынды Диас Асанов пен шиелілік Саф­уан Көрегенов өзара бөлісті. Қал­ған қатысушылар да қалыс қал­мады. Байқау қатысушылары мен жеңім­паздары арнайы жүлдеге, алғыс хатқа ие болды. Айта кетейік, байқаудың бас жүлдесін тағайын­дауға «Мәді Қажы» ЖШС директоры Жанарбек Нұрымбетов демеушілік етті.

Жүлдегерлерді марапаттау салтанатында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жеңім­­­­паз­дарды құттықтап, ақын Нұрмұхамедке арнайы алғыс хатын та­быс етті. Байқаудың жоғары дең­гейде өтуіне атсалысқан азамат­тарға ауыл азаматтары құрмет көрсет­ті.

«Тт» ақпарат
03 желтоқсан 2024 ж. 91 0