Шіркейлілік жастың жетістігі
Жақсы жаңалықтың жаршысы атанған аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы тағы да оқырмандарына қуанышты хабар жеткізбек.
Жақында №129 Ә.Жәмішев атындағы мекеп-лицейдің 10 сынып оқушы Жанбота Тәңірберген«Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Дарынды оқушы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясының жүлделі екінші орнын иеленді.
Дарынды балаларды анықтауға және қолдауға бағытталған, балалар мен жастардың бастамаларын дамытуға ықпал ету мақсатында өткен байқауға елімізден 170 талапкер қатысқан. Байқау республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша қашықтық форматты өткен.
– Ғылыми жобаның негізгі міндеті – балалардың назарын өзекті әлеуметтік мәселелерге аудару, әлеуметтік-шығармашылық белсенділіктерін, өзін-өзі жетілдіру, дамыту, қосымша біліммен қамтылған балалар санын арттыруға ықпал ету болды. Осыған орай оқушым Жанботамен «Өмірден алып кетем үлесімді» тақырыбында қайсар ақын Н.Әбілқасымовтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған ғылыми жоба дайындадық. Жобада қиын сынаққа мойымаған қайсар азамат, туған жердің талантты түлегі, өмірге құштар жан Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі етілді, – дейді ғылыми жоба жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күмісқал Қожарипова.
170 баланың арасында оза шауып бәйге алған ғылыми жоба – ұзақ ізденістің, шығармашылық жолдағы жетістіктің нәтижесі. «Өмірден алып кетем үлесімді» атты еңбектің негізгі бөлімі «Жұмыр жер құшағың неткен кең еді» деп басталып, онда ақынның өмірі баяндалады. Содан соң ғылыми жоба «Аузыма ағаш тістеп, өлең жаздым» деген тақырыппен кейіпкердің ақындық жолына арналған. Ақынның жетістіктері «Өршіл рухты жанмын мен, өлеңім барда өлмеспін» деген бөлімге топтасқан. Жобаның соңғы бөлімі отбасына арналып, «Мен сеземін махаббат айдыныма, бір аққудың айсыз түнде қонатынын» деген тақырыпқа арқау болыпты.
– Сыр бойында туып-өсіп, мүмкіндігі шектеулі болса да, өмір сүруге ғашық жан туралы ғылыми жоба жазу мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Туған ауылдың перзенті Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың өмірі мен шығармашылығы ғылыми жобаға арқау болды. Бала жасынан қиындыққа еш мойымай келе жатқан 44 жастағы ақын тағдырдың жазуына қарсы тұрды, жігерін қайрады. Жүрегінен жарып шыққан жыр шумақтарын жазды. Қағаз бетіне жазуға дәрмені болмаса да аузына кішкене таяқша тістеп, сол арқылы ұялы телефонның тетіктерін басып, өлең жазды. Нұрмұхаммед ақын өлең жазумен қатар шахмат, дойбы ойнағанды ұнатады. Сурет салуды, әсіресе, жылқының суретін салғанды жаны қалайды. Өзін тұсаулы тұлпарға теңейді. Осындай тағдыр иесін қоғамға үлгі ету перзенттік парызым деп білдім, – дейді дарынды оқушы Жанбота.
Жас ғалымның ізденісі мен талабы әлі талай жетістіктерге жеткізіп, ұстаз еңбегінің жемісін беріп, мерейін үстем етері сөзсіз!
Бибісара ЖАНӘЛІ