Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірге құштар көңілмен...

Өмірге құштар көңілмен...

Шіркейлі ауылының тумасы Нұрмұхамед Әбілқасымовтың ақын ретіндегі есімі бүгінде ауданымызға ғана емес облысымызға, қала берді республикаға белгілі. Тағдырлы ақын қос бірдей кітаптың авторы атанып, әдеби ортада өзіндік орнын, мәртебелі төрін қалыптастырып үлгерді. Тағдыр сынағымен бетпе-бет келіп, қайсарлықты ту еткен ақынға құрмет ешқашан толастамайды.

Апта басында Шіркейлі ауылында жігерлі ақын Н.Әбілқасымовтың шығармашылығына ар­налған «Өмірге құштар көңілмен» атты ау­дандық көркемсөз оқу шебер­лерінің байқауы өтті. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы», қайсар ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов, ақынның анасы Гүлзада Қосбергенова және ауыл тұрғындары қатысып, жас таланттар өнерін тамашалады.

Іс-шара ақын өлеңдерінің желісінде әзір­лен­ген поэзиялық қойылыммен басталды. Содан кейін жергілікті өнерпаздар Алмат Шербатшаев пен Ақзираш Сүлейменова «Мен сені сүйем, өмір» әнін шырқады. Әсем ән­ді «Шат­тық» би тобының бишілері көр­кемдей түсті.

Байқаудың ашылуында аудан басшысы жігерлі ақын­ның өмірі мен шы­ғар­машылығы кейінгі тол­қынға үлгі-өнеге екенін айтты.

– Жырлары адамдарға шабыт беретін да­р­ынды ақын, «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы», «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхамед Әбілқасымов мүм­кіндігі шек­теулі болғанына қарамастан оқырманды жалынды өлең­дерімен қуан­тып, өмірге құштар екенін танытып келеді. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, рухы биік азаматтың  жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы бәрімізді тәнті етеді. Оның әрбір шығармасынан өмірге деген талпынысты көреміз. Сонысымен де ақынның өлеңдері шалқар шабытқа толы. Нұрмұхамед ақынның поэзия әлемінде өзіндік орны қалыптасты. Оның «Тағдырымның жанары», «Тасжарған» атты жыр жинақтарын оқы­ған адам ерекше серпін алады. Ақынның өмірі мен шығармашылығын жастарға үлгі ету үшін жыл сайын көркем сөз байқауын өткізу дәс­түрге айналды. Осы арқылы оның жалынды жырларымен көпшілік таныс болуда. Бүгінгі іс-шара – соның лайықты жалғасы. Сондықтан байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық бай­­қауына ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудан­дық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы бастаған аудандық мәде­­­ниет және спорт бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова, Шіркейлі ауылдық мо­дель­ді кітапханасының меңгерушісі Ләззат Әбдірейімова қазылық жасады. Талап­кер­лердің сахна мәдениетін сақтауына, өлең­дерді жатқа оқуына, ақын шығармасын түсі­ніп, сезі­нуіне мән берілді. Байқау қоры­тын­дысында қазылар алқасының бірлескен шешімімен үз­дік­тер және байқауға қатыс­қандар марапат­талды.

– «Барлық ақын баласы бір ананың» де­мек­­ші сыры да, жыры да үндес, рухтас Нұрмұхамед ағамыздың құрметіне аудандық дең­­­гейдегі іс-шара ұйымдастырылып, бәріміз қуаныш үстінде тұрмыз. 12 талапкер қатысқан байқаудың аты аудандық болғанымен, заты облыстық десек болады. Өйткені, талапкерлер жоғары деңгейде дайындалып келген. Меніңше, Н.Әбілқасымов – тағдырлы ақын ғана емес, бақытты ақын. Себебі, қасында ата-анасы бар, ақынды құрметтейтін әкімдік те әркез игі істердің басы-қасынан көрініп, қолдау көрсетіп келеді. Ең бастысы, ақынның өлеңдерін сүйсініп оқитын, жатқа оқитын шығар­машыл жас­тар шоғыры қалыптасты. Бұл екі ақынның біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан екі кітабы оқырманға жол тартқан ақын енді үшінші жыр жинағын жа­рыққа шығару қамына кірісуі керек. Ақынды құрметтеп, төрге шығарған шіркейліліктерге айтар алғысымыз шексіз, – деді қазылар алқа­сының төрағасы А.Ибрагимұлы.

Бұл жолы байқаудың бас жүлдесі Н.Ілия­сов ауылының атынан сынға түскен жас ұстаз Гүлзат Аманкелдиеваға бұйырды. Ал жүлделі І орынды Шіркейлі ауылының талапты жасы Нұрсұлтан Құдайберген иеленді. Сәйкесінше ІІ орын А.Тоқмағамбетов ауылының жас өрені Ақниет Базарбаеваға берілсе, қос бірдей ІІІ орынды аудандық мәдениет үйінің атынан қатысқан Зере Дас­танова мен Жетікөл ауы­лынан келген Бағдаулет Нақыпбек қан­жығаларына байлады. Байқаудың арнайы жүл­десіне екі кезеңде де жақсы қырынан та­нылған шіркейлілік Диас Асанов лайықты деп та­нылды. Қалған талапкерлер Алғыс хатпен марапатталды.

– Тіршілікте жұмыр басты пендеде жаз­мыштың жазғанына қарсы тұратын қайрат жоқ. Осындайда тіл ұшына «тағдыр» сөзі орала кетеді. Өлшеулі өмірде деннің саулығына жетер бай­лық бар ма? Ал, мүмкіндігі шек­теулі жандардың жа­рық дүниеге деген құштарлығын тіл­мен айтып жеткізу қиын. Сыр­дың бойында осындай ерекше жан бар. Ол Шіркейлі ауылында өмір сүреді. Ақын Нұрмұхамед Әбілқасымовтың қол-аяғы қозғал­майды. Ол бала жасынан осы дерттің азабын тартып келеді. Өмірге құштар азамат тағ­дырдың жазуына қарсы тұра білді. Өзі­нің жігерін қайрады. Жүрегінен жа­рып шыққан жыр шумақтарын алдымен ұялы телефонға жазып, сонда сақтап қояды екен. Аузына кішкене таяқ тістеп, телефонның тетіктерін ба­су арқылы көпшілікке өлеңдерін ұсын­ды. 2011 жылдың мамыр айында «Тағ­дырымның жанары» атты алғаш­қы кітабының тұсауы кесілді. Сол жылдың қараша айында поэзия номинациясы бойынша Алматыда өткен рес­публикалық «Самғау» сыйлығының ие­гері атанды. 2012 жылдың тамыз айында шахматтан облыс жеңімпазы болды. Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде төрт аяғы тең басқан 92 ақынның арасынан алғашқы ондыққа еніп, халықтың ілтипатына бөленіп, дипломант атанды. Ал 2013 жылдың қазан айында Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» ат­ты республикалық байқауда «Алтын қауырсын» номинациясының же­ңім­пазы атанды. «Тағдырымның жана­ры», «Тасжарған» атты жыр жинақ­та­рының авторы бүгінде оқырманның жоғары бағасына ие ақын. Мен ақынның өлеңдерін жаттап, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алғаныма қуаныш­тымын, – деді Гүлзат Талғатқызы.

Өз кезегінде Нұрмұхамед Әбілқасымов пен анасы Гүлзада Қосбергенова іс-шараны ұйым­дас­тырушыларға риза­шылығын біл­дірді.  Сонымен қатар ақынға «Сарыағаш» шипажайына жолдама беріліп, табыстады.


«ТТ» ақпарат
19 тамыз 2023 ж. 393 0