Тағдырлы ақынның шығармашылығынан
Тіршілікте жұмыр басты пендеде жазмыштың жазғанына қарсы тұратын қайрат жоқ. Осындайда тіл ұшына «тағдыр» сөзі орала кетеді. Өлшеулі өмірде деннің саулығына жетер байлық бар ма? Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың жарық дүниеге деген құштарлығын тілмен айтып жеткізу қиын. Сырдың бойында осындай ерекше жан бар. Ол – Шіркейлі ауылында өмір сүреді. Ақын Нұрмұхамед Әбілқасымовтың қол-аяғы қозғалмайды. Ол бала жасынан осы дерттің азабын тартып келеді. Өмірге құштар азамат тағдырдың жазуына қарсы тұра білді. Өзінің жігерін қайрады. Жүрегінен жарып шыққан жыр шумақтарын алдымен ұялы телефонға жазып, сонда сақтап қояды екен. Аузына кішкене таяқ тістеп, телефонның тетіктерін басу арқылы көпшілікке өлеңдерін ұсынды. Жырлары адамдарға шабыт беретін дарынды ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхамед Әбілқасымов мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан оқырманды жалынды өлеңдерімен қуантып, өмірге құштар екенін танытып келеді. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, рухы биік азаматтың жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы бәрімізді тәнті етеді. Оның әрбір шығармасынан өмірге деген талпынысты көреміз. Сонысымен де ақынның өлеңдері шалқар шабытқа толы. Нұрмұхамед ақынның поэзия әлемінде өзіндік орны қалыптасты. Оның «Тағдырымның жанары», «Тасжарған» атты жыр жинақтарын оқыған адам ерекше серпін алады. Нұрмұхамед Әбілқасымовтың ақын ретіндегі есімі бүгінде ауданымызға ғана емес облысымызға, қала берді республикаға белгілі. Тағдырлы ақын қос бірдей кітаптың авторы атанып, әдеби ортада өзіндік орнын, мәртебелі төрін қалыптастырып үлгерді. Осы орайда қалың оқырманға тағдырлы ақынның өлең шумақтарын ұсынуды жөн санадық.
ЖЫРЫММЕН ЖҰРТЫМ ШӨЛ БАССЫН
Іш жылап тұрса да, бет күліп,
Шыдамнан туған шек қылық.
Икемсіз бойым болғанмен,
Ойыма берген ептілік.
Қалайша, Алла, жараттың,
Жанымды жазбас дерт қылып?
Өзімше кірпіш қалаппын,
Үмітті сөнбес өрт қылып.
Жырыммен жұртым шөл бассын,
Тамшыдан терген төрт жылдық.
Жұмбақ жол, шеше білсең, төте-жақын,
Бұл фаниде жығылма, алыс, ақын!
Жұрт алдында қашанда жүзім жарқын,
Ішім жылы, аңғарсаң, сыртым салқын,
Болаттан құйылғандай намыс қалпым.
Өлеңім өріліп кеп өзек жарды,
Ұлыңның жан сырымен таныс, халқым!
Білімді құмарланып терең қаздым,
Түскендеймін түбіне кемел наздың,
Аяқ-қолым еркіме көнбеген соң,
Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым.
Ызғарына ырғақтың тоңсам, жылыт,
Жан сырымды ұғарсың, қалқам, біліп.
Нүктелердің түбіне үңілген соң,
Жаза алмадым жырымды том-том қылып.
Мен білемін: әділдіктің болатынын,
Сарқылған көл жырыммен толатынын.
Мен сеземін: махаббат айдыныма
Бір аққудың айсыз түнде қонатынын!
Тәуелді боп өзге елге күн кештік,
Ойымызды айта алмастан мұң жестік.
Қолтығынан қорықпай шықтық орыстың
Қазағыма жараспайды күндестік.
Ата-бабам аңсап өткен еркіндік
Ұлылармен ұрпақта бар үндестік.
91-де тәй-тәй басқан елімнің,
Тәуелсіздік тұсауын біз шын кестік!
Жетімдерді жарасынан емдеттік,
Қашып келген өзге ұлтты теңдеттік.
Жиырма жылда жас жігіттей ер жеттік.
«Тәуелсіз!» деп тұла бойды терлеттік!
Тұлпар мініп, қыран салған халықпыз
Қазағымның қанында бар сергектік!
Жер қорғады қылыштарын қан қылып,
Тәуелсіздік тарту етті таң қылып!
«Елім-ай!» – деп елге оралды қандастар,
Қырғындарда қалып қойған қаңғырып.
Қазақстан байтақ елім, бүркітім!
Жиырма жылда атың шықты жаңғырып.
Тәуелсіздік тәңір жазған заңдылық.
Қазақ елі жасай берсін мәңгілік!
ӨМІРГЕ КӨЗҚАРАС
(үміт оты)
Бұл өмір арқан тектес сөккен жібін,
Сөгілген жіп ол сенің өткен күнің.
Асықтың алшысындай жақсы жандар,
Үмітпен күтіп алар жеткен күнін.
Асығымның алшысын күткендіктен,
Ұтылмай, ойнап келем бүкпен, шікпен.
Ал біреулер бұл өмірде асығады,
Қырандай жемтігінің жүнін түткен.
Менің де жоспарлаған жолдарым бар,
Үмітім бар
Алланың сыйын күткен,
Сол үміттің тұрғанда оты жанып,
Жарықтанар өлеңмен үйім тіккен.
Арманымның нүктесін күтіп жүрмін,
Сәбиімнің шырылы – менің нүктем.
ШАРШАМА, ЖҮРЕГІМ
Шаршатады жауабы аз
Небір қиын сұрақтар,
Өлтірмейді сені өлең,
Бойыңда алып қуат бар.
Бұлқынғанда бұл асау,
Жыр боп ағар бұлақтар,
Күтудесің келердей
Жаныңа жақын бір ақпар.
Мамырлаған махаббат
Маңыңа қашан тұрақтар?
Жылашы, таудай жүрегім,
Ағызсын жасты жырақтар.
Шаршағанда шалдықпай,
Шабытыммен сыр ақтар.
Өмір деген ұлы көш,
Сынағы мол, сыны мол,
Нар жүрегім, көтергін,
Жүгіңді жықпай, шыдап бар.
Бақыт деген не өзі?
Атақ па, әлде байлық па?
Табылмаса маңыңнан,
Адастым деп қаймықпа!
Шауып өтсе жаныңнан,
Басына салғын «сай ноқта».
Бойыңа ас боп тез сіңер,
Мұңсыз жеген май ботқа.
Бақыт деген байлық емес, мен білсем,
Адасқандай көрінеді, түңілсең,
Бақыт деген – адал еңбек жемісі,
Ақиқаттың астарына үңілсем.
ПІРІМ МЕНІҢ МАҚАТАЕВ
Санамызбен жан-жақты барлатайық,
Білім іздеп ойды ұзақ шарлатайық.
Мұқағали, Абайларды үлгі тұтып,
Болашақты бұлбұлша сайратайық.
Өлеңнің шың басына шықсам деймін,
Кетпесінші аяғым қарға тайып.
Қара сөздің айдынында жүзсем деймін,
Мінгізіп мені жүрер бар ма қайық?
Тірісінде елеусіз болып өткен,
Пірім менің марғасқа
Мақатаев.
Сізді табам жыр жайлы сұрақ шолса,
Сөз сарыны шөл басар жырақ толса.
Ұрпаққа қалдырыпсыз құнды аманат,
Көреген көз, тыңдайтұғын құлақ болса.
Жырлайды екен әр дәуірді әр дастан,
Жыр жалыны өзі сізге жармасқан.
Сіз таулықсыз, басыңызды қар басқан,
Бейнеңіз бар Алла салған жартастан.
Түсінеді табиғаттың тілін де,
Қиналғанда қайыңмен де сырласқан.
Махаббат пен ақиқатты нақ айтқан,
Міне, осындай ақын ағам марқасқам!
Құдайым бұл өмірді талқылаған,
Қанат аз көкке ұшып, шалқымаған.
Махаббат пен табиғатты түйістіріп,
Мұқаң да түн бойына қалғымаған.
Жырларыңыз құлаққа құйылады,
Жүрек жоқ тыңдағанда балқымаған.
Ашылар ма көзім сары іріңнен,
Таңғалдырдың,
Мұқа аға, дарыныңмен.
Жырыңызбен көзімді ашқандайсыз,
Сары іріңді сүртемін сарыныңмен.
Сіз – бәйтерек, мен мына бала шыбық,
Қуат бердің маған, аға, тамырыңмен.
Өмір деген өлшеулі эстафета,
Жырыңызды мен алайын жалынымен.
Жасамаңдар, жасамаңдар олқылық,
Талай дарын көзден қалды шоқылып.
Сыртым солғын сөгілгендей көрінер,
Өлең жатыр ой түбінде тоқылып.
Бақыттысың, бақыттысың, ағатай,
Жырың жатыр қалың жұртқа оқылып.
Мұқаңның туылған күні шабыт келді,
Шабамын тұла бойдан сарқып терді.
Пірімнің жарқын жолын жалғастырам,
Түсімде жыр жаңғағын шағып берді.
Қолым жазса Мақатаев бола аламын,
Тұғырына табандап нық қона аламын.
Ағамның жыр ғып тепкен әткеншегін
Жібін ұстап, оңды-солды соға аламын.
Жырым қалар жалыны басылмайтын,
Ғайып боп бір күні мен де жоғалармын.
ЖАСТАРҒА
Ортаға жалғайыншы шынжыр шумақ,
Өмірден кімдер кетіп, кімдер тумақ,
Өтпейікші өмірден итше шулап,
Болар бала бесіктен білім қумақ.
Жырымды қыздыратын жалындастар,
Суды да сарқыраған ағын бастар.
Сарқырап өздеріңе сабақ болайын,
Үлгі алыңдар, іні мен қарындастар.
Көңілді кір бастырма күзет құрып,
Адассаң өз жолыңды түзет біліп.
Жемісін жей алмаған талай жандар,
Жалқауға дәнін жерге жүз ектіріп.
Баршаға байқатайық біз ептілік,
Кішіге көрсетейік ізеттілік.
Нұрмұхамед Әбілқасымов