Ұлттық валюта – тәуелсіз Қазақстанның нышаны
Төл теңге – Тәуелсіздіктің перзенті. «Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» демекші, бүгінде төл теңгеміз тұтастай Қазақстанның, барша халықтың дербес тіршілігінің, мемлекеттің Тәуелсіздігінің айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Сонымен қатар экономикалық дамуымыздың басты кепілі. Еліміздің қаржы жүйесіне халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту міндеті жүктеледі» деп атап өтті. Тарихы тереңнен сыр шертетін ұлттық теңге – әлемдегі ең қауіпсіз валюта, яғни жалған ақша жасаушыларға қарсы тұра алатын өзіндік ерекшелігі бар.
Осыдан 31 жыл бұрын еліміздің төл валютасы туралы Жарлық 1993 жылы 12 қарашада шықты, үш күннен соң 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Ұлттық теңгені қалыптастыру – қазақ халқы үшін үлкен еңбек пен күшті талап етті. Қазақ валютасының атауы мен дизайнын таңдауда оңай болмаған. Төл теңгеміздің алғашқы дизайны қалам, калька, тушь арқылы салынды. Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Меңдібай Әлин, Хайрулла Ғабжалилов, Ағымсалы Дүзелханов секілді білікті суретшілер жиналып, авторлық ұжым құрды. Теңге дизайны өте қысқа мерзімде, яғни бір жыл ішінде жасалғанына қарамастан ерекше сапаға ие болды. Ең алғашқы банкноттарға қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғалардың бейнелгенін ел-жұрт қуанышты жағдайда қабылдады. Мәселен, бір теңгелік қағаз банкнотта – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгеде – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы, бес теңгеде – күйші Құрманғазы, он теңгеде – ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгеде – ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, елу теңгеде – Әбілхайыр хан, жүз теңгеде Абылай хан бейнелері көрініс тапты. Төл теңгеде тарихи тұлғалардың таңдалуының өзі тегін емес. Қазақтан қанша жыл бодандық құрсауында болғанына қарамастан, қазақ елінің түпкі тарихын ұмытпағанын, қастер тұтатынын және әркез қадірлеп, бай тарихымен мақтанатыны осылайша әлем алдында дәлелдей алды. Ал теңге атауына «алтын», «ақша», «сом» деген бірнеше нұсқаларда ұсынылған. Алайда «теңге» атауына тоқталған. Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, Құрмет орденінің иегері Сауық Тәкежанов осы атауды ұсынған.
Ұлттық теңгенің алғашқы топтамасы Ұлыбританиядағы Harrison & Sons фабрикасында басылып шығарылды. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасады. Қазақстандық банктерге 8 күннің ішінде бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды.
Қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10,20 және 50 номиналды монеталар 1994 жылы шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілген болатын.
Елімізде 1995 жылы ақша басып шығаратын өз фабрикамыз ашылды. Содан бері банкнота – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылып келеді.
Осының арқасында Қазақстандағы ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік алды. Қазіргі қолымызда жүрген қазақ ақшасы ерекше дизайнымен көз тартатыны сөзсіз. Ерекше үлгідегі ұлттық валюта байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленді. Үш жыл қатарынан 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша деп танылды.
2006 жылы ұлттық валюта кескіні түбегейлі өзегертілді. Өзгертілген үлгіде бұрынғы болған даңқты тұлғалардың бейнелері алынып тасталды. Ал жаңа үлгідегі банкноталар бірыңғай үлгіде орындалған. 2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары әрленген жаңа дизайнмен қолданысқа енді. Жаңа дизайнда мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелеген. Яғни Қазақстанның осы замандағы бейнесі. Көздің жауын алатын бұл серияның дизайны қарындаш, акварель және темпер көмегімен қолмен жасалған.
Теңгенің жаңа нышаны 2006 жылы таңдалды, авторлары Вадим Давиденко және Санжар Әмірханов.
Ал, ұлттық валютаның төртінші буыны 2011 жылдан бастап қазақстандықтардың қолына түсе бастады. Қолданысқа ене бастаған «Самұрық» сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кіреді.
Осы жылдар ішінде қазақ елін әлемге танытқан, ел абыройын асқақтатқан төл теңгеміз өзінің тұрақтылығын, өзіндік бағытын арттыра білді. Ұлттық теңгеміздің құны да, сыры да түспесін.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
Фото: El.kz