«Ұстаз – ұлт айнасы»: арнайы төсбелгімен марапатталды
Қазіргі заман талабына сай жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, білімімен қатар талантын, талабын көрсете білген жас ұстаз – Заманбек Аманбеков. Ауданға ғана емес, есімі облысқа, республикаға етене таныс жас маман қазіргі таңда өзі білім алған қарашаңырақ – №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі.
Кішкентай кезінен математикаға жүйрік оқушы осы пәнге деген сүйіспеншілігі мен талабының арқасында, ұстаздарының ықпалымен бүгінде өзі де оқушыларға сабақ беруде. Небәрі жұмыс жасағанына екі жылдың көлемі болса да, бұл күнде ауқымды жетістіктерге жетіп үлгерген ұстаз оқушыларының да марапаты бір төбе. Қатарынан оза шапқан кейіпкеріміз «Элементар математика» электронды оқу-құралының авторы, «Геометриялық мазмұндағы есептерді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарымен оқыту» жобасының құрастырушысы. Сондай-ақ ғылым жолында өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті маман – педагогика ғылымдарының магистрі. Және де Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кеңес мүшесі, Алтынсарин академиясының түлегі.
Жас та болса білімімен даралана білетін Заманбек Аманбеков оқу жылының басында Оқу-ағарту министрімен кездесіп келген болатын. Жақында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың, Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының қатысуымен Астана қаласында «Мұғалім Talks» кейс-платформасы ұйымдастырылды. Аталған кездесуге математика пәнінің мұғалімі Заманбек Аманбеков те қатысты.
Мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды іс-шараға 300-ге жуық өтініш түсіп, солардың ішінен бар болғаны 8 үздік спикер іріктеліп алынды. Спикерлер жиында орта және кәсіптік білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. Кездесу соңында ауданымыздың мақтанышы, спикерлер қатарынан көрінген, аудан мәртебесін көтере білген жас ұстазға «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісі табысталды.
Осы орайда, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы Заманбекті қабылдап, кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның білім саласын қолдау жобаларын тұрақты жүзеге асырып келе жатқаны айтылып, биыл ұйымдастырылған «Мұғалім Talks» кейс-платформасы партияның елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарға тәлім-тәрбие беретін ұстаздармен тығыз байланыс орнатуының жарқын дәлелі екеніне назар аударылды.
– Сіздің ауқымды іс-шараға шақырту алып, ауданымыздың атынан қатысып, мазмұнды баяндама жасауыңыз – өзіңіздің ғана емес, партияның аудандық филиалының жұмысын жаңа белеске көтерді. Осы орайда, аудандық мәслихаттағы депутаттық корпус пен партияның аудандық филиалы әрқашан педагогтар қауымының қасынан табылып, барлық бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізгім келеді. Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясының жобаларын жүзеге асыру бағытында бізбен бірлесе жұмыс істейтініңізге сенеміз. Сондықтан сізге шығармашылық сәттілік пен өрлеу тілейміз! – деген Ақтөре Ибрагимұлы шығармашыл ұстазды Алғыс хатпен марапаттады.
Өз кезегінде Заманбек Асылбекұлы Астанадағы сапары, «Мұғалім Talks» кейс-платформасынан алған әсері жөнінде ой бөлісті. Алдағы уақытта партияның аудандық филиалымен, «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесе жұмыс істеуге ынталы екенін айтты.
Мұнан бөлек аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар да жас ұстазбен кездесіп, білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапаттады.
– Ең алдымен сізді алған марапатыңызбен құттықтаймын. Ауданның білім сапасын, ұстаздардың мәртебесі жоғарғы деңгейде екенін дәлелдей білдіңіз. Әрқашан ізденімпаздығыңыз бен талапшылдығыңыздың арқасында білім саласының шыңынан көрінудесіз. Алдағы уақытта да өз мықтылығыңызды дәлелдеп, жас ұрпаққа сапалы білім беріп, білім саласында өз сара жолыңызды салатыныңызға сенімім мол. Сізге шығармашылық табыс, жұмысыңызға сәттілік тілейміз, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.
Айта кетейік, Заманбек Аманбеков жас ұстаздар құрамында Президентпен кездесуге бармақ. Ұстаздарға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып жатқан Мемлекет басшысымен кездесу алдағы уақытқа жоспарланып отыр.
– «Мұғалім Talks» кейс-платформасынан алған әсерім ерекше. Іс-шара барысында әріптестеріммен көп тәжірибе алмастым. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе, тағы бір белес. Математика аяқталмаған симфониялық музыка секілді. Қиын есептердің жауабын тапқан сайын, құдды бір әуеннің нотасына дәл түскендей боламын. Ендеше, математика – бұл өнер, ал біз, ұстаздар, дирижер ретінде балаларды осы сиқырлы әлемге баулимыз. Ұстаз үшін ең үлкен сыйлық –шәкірттің шынайы ықыласы мен алғысы. Менің қазіргі түйгенім, мұғалім адал еңбегімен өз мәртебесін өзі жасайды екен, – дейді өз пәнін жетік меңгерген Заманбек Аманбеков.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА