Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Президентпен кездесемін...»

«Президентпен кездесемін...»

Заманбек Аманбеков – жас ұстаз. Жастайынан шахмат, дойбы ойнап, есепке жүйрік болған жігіт қабілет-қарымын дамытып, осы саланы негізгі кәсібі еткен. Бүгінде небәрі 23 жастағы кейіпкерімнің осы уақытқа дейін жеткен жетістігі де, болашақта алар асуы да жетерлік.

Заманбекпен жұмыс бабында сөйлесіп, сұхбат құрдық. Негізгі шаруаға көшкеннен кейін ол маған өзінің жарты бет өмірбаяны мен ұстаздық қызметті бастағалы жеткен жетіс­тіктері жазылған құжатты танысып шығу үшін жолдады. 10 бет. Компьютерде терілген 10 бет өмірбаян түгелдей жас ұстаздың екі жыл ішінде жеткен жетістіктері мен оқушыларының алған жүлделерімен толтырылған. Таң қалдық, тамсандық. Жас буынға сәттілік тілеп, тіл-көзден есен болуын іштей дұға еттік.

Заманбек екі жылдан бері аудан орталы­ғындағы №210 орта мектептің математика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Өзі де аталған қара­шаңырақта білім алған. Еңбек жолы да өзіне сабақ берген ұлағатты ұстаздар ордасынан басталған. Аз уақытта көп жетістікке жетіп үлгерген талапты ұстаздан математикаға қызығушылығы қалай пайда болғанын, ұстаз­дық жолды таңдауға не себеп болғанын сұрадық.

– Математикаға деген қызығушылығымды бала кезімнен әжем оятты. Ауылға барған сайын әжемнің жанынан шықпайтынмын. Санауды, қарапайым қосу және алуды әжеммен бірге күнде дойбы ойнау арқылы үйрендім. Бұл қызығушылығымды одан әрі мұғалімдерім дамытты. Әсіресе, математика пәні мұғалімі Азиза Үсенбаева апайым маған жоба жазуды тапсырып, осы пәнді одан сайын жақсы көруіме үлкен үлес қосты. Десек те кішкентай кезімде дәрігер болуды армандайтынмын. Менің математикаға жүйрік екенімді аңғарған бағыт беруші ұстаздарым ақыл-кеңестерін айтып, ой тастады. Ұстаздардың ықпалы мен математикаға деген сүйіспеншілігімнің арқасында ақырында «мұғалім боламын» деп шештім. Мен үшін Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 мектеп тек білім алу орны ғана емес, сондай-ақ мені қалыптастырған, болашағыма жол ашқан мекен болды, – дейді кейіпкерім.

– Алғаш рет сабаққа кіргенде сезімдерім бір-біріне қарама-қайшы болды. Бір жағынан, мен үлкен жауапкершілікті сезіндім – оқушы­ларға тек білім беріп қана қоймай, олардың болашағына әсер ететінімді түсіндім. Екінші жағынан, толқу мен аздап қобалжу болды, өйткені алғаш рет өзімнің мұғалім рөлінде екенімді сезіндім. Дегенмен оқушылардың ынтасын сезініп, толқынысым басылып, шынайы мұғалімдік қызметтің мәнін түсіне бастадым. Бұл мен үшін өте құнды тәжірибе болды, – деп және қосты ол.

Білімі мен ынтасының, адал еңбегінің арқа­сында бұл күнде ауқымды жетістіктерге жетіп үлгерген Заманбек Асылбекұлының ең үлкен белесінің бірі – жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевпен сұхбаттасуы болған. Жас ұстаздардың республикалық форумында министрге сұрақ қойып, оның сауатты әрі мазмұнды болғаны үшін министрден ерекше мақтау естіген. Жас ұстазға бұл үлкен шабыт сыйлап, өз жұмысына деген сүйіспеншілігін арттыра түскені анық.

Бүгінде еңбек өтілі небәрі екі жылды құрайтын Заманбек жас та болса, биік мінберлерде сөз сөйлеп, республика, облыс және аудан деңгейінде жинақтаған тәжіри­бесімен бөлісіп келеді. Дойбы, шахмат түрлерінен республикалық деңгейде топ жарып жүрген Заманбек Аманбеков – түрлі деңгейдегі алғыс хат пен сертификаттың егесі. Сондай-ақ «Элементар математика» электронды оқу-құралының авторы, «Геометриялық мазмұн­дағы есептерді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарымен оқыту» жоба­сының құрастырушысы. Ғылым жолында өзіндік үлесін қосып келе жатқан жас ұстаз – педагогика ғылымдарының магистрі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кеңес мүшесі, Алтынсарин ака­демиясының түлегі.

Заманбек дайындап, жетістіктерге жеткен оқушылардың марапаты да бір төбе. Қатарынан оза шапқан кейіп­керімізді «вундеркинд» деуге болады. Себебі ол жоғары оқу орнын 4 жыл­дың орнына 3 жылда бітіріп, дипломын алған. Алғашқы эксперименттік топ құрамында болып, оқушыларды Кембридж емтиханына дайындап, биік талабының арқасында қатарластарынан озық түскен. Қазір де мектептегі қызметінен бөлек, облыс орталығындағы «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінде қосымша жұмыс істеп, оқушы­ларды ҰБТ-ға дайындайды. Әркез даму мен жетілу үстінде жүретін жас ізденіп, екінші мамандық ретінде «Есеп және аудит» мамандығы бойын­ша білім алуда. Алдағы уақытта өзін басқа салада сынап көргісі келетін Заманбек негізгі бағыты есеп және математикамен, оның ішінде білім берумен жалғаса беретінін айтады.
Оқу жылының басында Оқу-ағарту ми­нистрі­мен кездесіп келген Заманбек Асылбекұлы жас ұстаздар құрамында Президентпен кездесуге бармақ. Ұстаздарға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып жатқан Мемлекет басшысымен кездесу алдағы бір-екі ай көлеміне жоспарланып отыр.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 қазан 2024 ж. 99 0