Өмірі мен қызметін бір арнаға тоғыстырған
Кез келген салада бірге қызмет етіп, жұптары жазылмай келе жатқан отбасылар жеткілікті. Сондай жандардың бірі – Айбек Тәжібаев пен Эльмира Жорабекқызы бүгінде білім саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздар.
Қазіргі таңда ауданға қарасты Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектепте жұмыс жасап келеді. Қос ұстаз – Тереңөзектің тумалары. Айбек Тәжібаев дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Эльмира Жорабекқызы математика пәнінен сабақ береді. Ауыл балаларының сапалы білім алуына үлес қосып келе жатқан білікті мамандар жарасымды жұп қана емес, үлгілі отбасы.
– Жолдасым екеуіміз бала кезден бір-бірімізді танитын едік. Әрі бір мектепте оқыдық. Ата-аналарымыз да құрдас болды. Бір-бірімізбен жұмысқа орналасқаннан кейін жақынырақ танысып, отбасын құрған болатынбыз. Қай кезде де қандай қиындық болса да бірге жеңуге, қуанышты күндерді бірге өткізуге серттестік. Үйдегі анамызда бізге өз ақылын айтып, бүгінде ақылшымыз болып отыр. Махаббатымыздың жемісі үш баламыз, – дейді берекелі шаңырақтың отанасы.
Бір салада табысты да жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздар адал еңбегімен дараланып, ізденімпаздығы мен ұйымдастырушылық қабілетімен білікті маман ретінде мектеп абыройын асқақтатып келеді.
Айбек Нұрымұлы қызмет етіп келе жатқан 15 жыл ішінде спорттық сайыстардан жүлдемен оралып жүр. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақтау қаласында өткізілген көпсайыстан ҚР кубогының күміс жүлдегері, Петропавл қаласында өткізілген көпсайыстан ҚР кубогының жеңімпазы атанды. Мұнан бөлек облыстық «Алтын күз» спартакиадасында үстел теннисінен ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, облыстық білім бақармасының Алғыс хатымен марапатталды. Ал, Эльмира Жорабекқызының математика пәнінен беріп келе жатқанына 14 жыл. Осы жыл аралығында «Дарын» білім беру орталығының Алғыс хатымен, шығармашыл мұғалімдердің аудандық тәжірибе алаңы аясында «Брейн-ринг» сайысында жеңімпаз атанған. Бұдан бөлек аудандық «Үздік математика пәні мұғалімі» байқауында ІІІ орын иегері.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бүгінде шәкірттері ұстаздарының еңбегін ақтап олимпиадаларда, түрлі сайыстарда бақ сынап, жетістіктерге жетіп жүр. Ұлағатты ұстаз Хадиша Маханбетованы еске алуға арналған волейболдан аудандық турнирде Айбек Тәжібаевтың оқушылары жеңімпаз атанды. Математиканың қыр-сырын жетік меңгерген Эльмира Жорабекқызының шәкірттері 2022 жылы Думан Әнешов пен Талшын Төребекова ауыл балаларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы атанды. Думан Әнешов Алматы облысындағы Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебіне оқуға жолдама алған болатын. 2023 жылы Нұрбибі Жетпісбаева аудандық «Алтын сақа» олимпиадасының жеңімпазы атанса, Нұрали Сайлаубайұлы математика пәнінен аудандық олимпиададан ІІІ орын алды.
Өмірі мен қызметін бір арнаға тоғыстырған жарасымды жұптың оқушылары ғана емес, балалары да оқуда озат. Үлкен қызы Інжу Нұрым ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасының жеңімпазы атанып, Қызылорда қаласындағы Білім инновация лицейіне оқуға қабылданды. Олимпиадаға анасы өзі дайындаған екен. Сонымен қатар, Інжу ауданның атынан волейболдан жарыстарға қатысып жүр. Ал екінші ұлы Нұржігіт болса былтырғы оқу жылында математика пәнінен олимпиада жеңімпазы. Ал үшінші ұлы Бақдаулет биыл 1 сыныпқа барады. Қызметте де отбасында да тек адалдықты ту еткен қос ұстаздың шаңырағына тек қана бақыт тілейміз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА