Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Математика – бар ғылымның бастауы

Математика – бар ғылымның бастауы

Аманкелді ауылдық округіндегі білімнің қара шаңырағы №42 мектеп-лицейінде «Ғылым. Ақпарат. Техника» тақырыбында математика, информатика, физика пән бірлестіктерінің апталығы өтті. Апталық барысында білікті ұстаздар ашық сабақ, зияткерлік-тақырыптық білім сайыстарын өткізді. Балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар «Математикалық дарындылықты жетілдіру мүмкіндіктері» тақырыбындағы аудандық семинарға жалғасты. Аудан мектептерінің математика пәні мұғалімдері және аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Әзімханов арнайы қатысқан семинар қызықты әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аудандық деңгейдегі семинарды мектеп-лицейдің педагог-психологы Ұ.Тайшықова «Танысу» тренингімен бастады. Семинар ашық сабақтарға жалғасты. Г.Ержанова 11 сынып оқушыларымен «Оқушылардың дарын­дылығын математикалық сауаттылық арқылы арттыру» тақырыбында, Н.Жүсіпов 10 сынып оқушыларымен «Дарынды оқушыларды математика пәніне бейімдеудің тиімді әдістері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Олимпиада­ға қатысқан оқушылармен «Брейн-ринг» сайы­сын Т.Піржан мен Н.Жүсіпов ұйымдастырды. «Оқушылардың дарын­ды­лы­ғын ашу жолдары» тақырыбында бас­тауыш сынып мұғалімі Г.Мұқанова, математика пәнінің бірлестік жетекшісі Ж.Сақтапова және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалым оқытушысы Л.Қайыңбаева өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар М.Ережепова мен Ж.Сақтапова «Математика пәнінен дарынды балаларды анықтау және қолдау» тақырыбында семинарға қатысушылармен коу­чинг өткізді.

Сонымен қатар іс-шаралар жоспарына сәйкес ардагер ұстаз Ержігіт Сейдахметов атындағы олимпиада өтті. Математика пәні бойын­ша олимпиадаға әр мек­теп­тен тоғызыншы сынып оқушылары қаты­­сып бақ сынады. Айта кетейік, аталған мектеп-лицейде Е.Сейдахметов атындағы олимпиада үш жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Олимпиада тапсырмаларын математика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верси­тетінің аға оқытушысы Лариса Сағижанқызы дайындап, қазылық ет­ті. Семинар қорытындысында олимпиада жүлде­герлері диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Атап айтсақ, 1-орынды №130 мектептің 9 сынып оқушысы Сая Нұрхан, 2-орынды №35 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Ақерке Шерімқожа, 3-орынды №42 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Нұрай Темірбай жеңіп алды. Олимпиадаға ардагер ұстаз Ержігіт Сейдахметовтің ұрпақтары демеушілік жасады.

– Семинарға келген әріптестерге рақмет. Апталық жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады. Математика пәні бойынша биыл үшінші рет өткізіліп отырған Ержігіт ағайдың атындағы олимпиада өз нәтижесін беруде. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы. Ағайдың ұрпақтарына мың алғыс. Сондай-ақ апталықты ұйымдастыруға атсалысқан әріптестер мен белсенділік танытқан оқушы­ларға сәттілік серік болсын, – деді мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы Нұрболат Ташенов. 

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 ақпан 2024 ж. 251 0