Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы білім беру – заман талабы

Сапалы білім беру – заман талабы

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Шындығында, ұстаз бола білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алыптың да, дананың да ұстазы болған. Парасаты мен пайымы жоғары №139 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеушісі Нұргүл Сейдахметова – өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруде біліктілігімен қоса білімімен оза шапқан үлгі тұтар ұстаздың бірі.

Саналы ғұмырын ұлы қызмет жолына арнап, қызмет етіп келе жатқан Нұргүл Сұлтанбайқызы 1975 жылы Айдарлы ауылында дүние­ге келген. Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетінде білім алып, 1996 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Өз мамандығын жоғары жетік меңгерген ұстаз алғашқы еңбек жолын №139 орта мектептен бастаған. Теориялық білімі жоға­­ры маман – оқушы­­ларын өз пәні­не қызықтырып қана қой­май, білім берудің жаңаша әдіс-тәсіл­дерін жүйелі пайдаланып отыратын жаңашыл ұстаз. Нұргүл апай сабақты ұйымдастыруда жан-жақты ізденіп, әр сабағын шығармашылықпен жүргі­зеді. Сонымен қоса оқу­шылардың сапалы білім алуы үшін түрлі инновациялық әдістерді қол­дану­ды жөн санайды. Білікті маман өз тәжірибесіне негізделген әдісте­мелік құрал шығарған. 2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 11 сынып оқушылары жоғары балл жинағаны үшін облыстық білім басқармасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының арнайы сыйлығына ие болған. 2024 жылдың наурыз айында облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Бұл – ұстаздың жеткен жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана. Аяулы ұстаз бүгінде жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана.

– Жаңашыл ұстаз оқушыларды адамгершілікке, патриоттыққа бау­лу­да түрлі сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырып отырады. Шәкірттері үнемі ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Одан бөлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушылары жоғары балл алып, түрлі оқу орындарына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша грант иегері атануды. Нұргүл Сұлтанбайқызы – мектебіміздің бетке ұстар ұстаздарының бірі де бірегейі. Оның бойындағы жан-жақтылық, ізденімпаздық және жауапкершілік қасиетін өте жоғары бағалаймын. Ардақты ұстаз осы тұсымен де көпке үлгі, үлкенге де кішіге сыйлы. Осындай білімді ұстаздарымыз барда ел болашағы жарқын болатынына сенімдімін, – дейді мектеп директоры Гүлбану Смайлова.

Болашаққа батыл түрде қадам басатын білімді, тәрбиелі, саналы, жан-жақты, ізденімпаз шәкірт тәрбиелеу және елімізге адал қызмет ету – Нұргүл Сейдахметованың бас­ты өмірлік ұстанымы әрі мақсаты. Шәкіртінің шыққан биігі – ұстаздың жетістігі екені хақ. Осы ретте ширек ғасырға жуық ұстаздық етіп келе жатқан аяулы ұстаздың шәкірттерінің түрлі халықаралық, республикалық, облыстық байқау, пәндік олимпиадалардағы жетіп жүрген жетістіктерін айтып өту орынды. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында республикалық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жоба байқауында 11 сынып оқушысы Нұрай Ергешбаева аудандық кезеңде жүлделі І орын, облыстық кезеңде жүлделі І орынды алып, республикалық кезеңде алғыс хатпен марапатталды. Ал 2023-2024 оқу жылында республикалық пәндік олим­пиаданың аудандық кезеңінде Нұрай жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын. Одан бөлек ардақты ұстаздың оқушылары жыл са­йын ҰБТ-ден жоғары көрсеткіш көрсе­тіп келеді. 2023-2024 оқу жылында да Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушылар сынама тестте жоғары деңгейде өз білімдерін көрсетуде. Одан бөлек біліктілігін арттыру мақсатында жоспарға сәйкес қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына қатысып, білімін одан әрі жетілдіріп жүрген ұстаз оқушыларға сапалы білім беруде жан-жақтылық қажет деп есептейді. Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын көрсеткіш. Ертеңгі келер күннің бүгіннен гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім дейтін болсақ, саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларға сапалы білім беретін ардақты ұстаздарымыз құрметке лайық.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
27 сәуір 2024 ж. 208 0