Қарты бардың – қазынасы бар
Қазақ қоғамында қай кезеңде болсын жастар үлкенге қарап бой түзеп, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесін санасына сіңіріп өскен. Ықылым заманнан бері халқымыз көпшілік ортада, яки отбасында әрбір бастамасын шаңырақтың шаттығына ие қазыналы қартының батасымен бастаған. «Өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та жоқ» деген. Бала тәрбиесінде ата мен әже мектебінің, тәрбиесінің рөлі жоғары. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ – қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Қазыналы қарттардың, қадірменді қариялардың басын қосып, бос уақытын тиімді өткізу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Осы ретте Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Алпысбайұлымен арнайы сұхбат құрдық.
– Мұса Алпысбайұлы, ең алдымен аудан ардагерлері туралы жалпылама ақпаратты білгіміз келеді...
– Қазіргі таңда ауданда 4291 ардагер бар. Оның ішінде ерлердің саны – 1454, әйелдер – 2837. Олар түрлі деңгейдегі 74 ұйымға біріктірілген, олардың 15-і кентте орналасқан. Сондай-ақ, ауыл ардагерлер кеңесі де жұмыс істейді. Мұнан бөлек 18 ұйым оқу орындарында, 8 ұйым денсаулық сақтау саласында, 33 ұйым шаруашылықтар мен мекемелерде құрылған. Есебіміздегі ардагерлердің 1-і ҰОС-қа қатысушы, 156-сы – тылда еңбек еткендер. Және Құрметті азаматтарымыз бен мәртебелі марапат, ауқымды награда иегерлері де бар. Зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбегінің жемісін көріп жүрген ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі көлемдегі іс-шаралар, басқосулар өткізіліп тұрады. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» демекші, қазыналы қарттарымыз қашан да кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, ақ батасын арнайды.
– Аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 40 жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығындағы тарихқа аз-кем тоқталып өтсек, тарихқа да, тарихи тұлғаға да құрметіміз болар...
– Сырдария аудандық ардагерлер ұйымы 1987 жылы ақпан айында құрылған. Сырдария ауданында алғашқы төраға Тасмағанбет Батыршаев болса, бұрынғы Тереңөзек ауданында Уәлибек Әбдуов болған. Ардагерлер ұйымының негізгі міндеті – кезінде қоғамға еңбегін сіңіріп, қазір зейнеткерлік демалыста жүрген қарттарымыздың іздеушісі, қамқоршысы болу. Сырдария аудандық ардагерлер ұйымы басқалардан өзгеше қалыптасу жолымен, өзіндік тарихымен ерекшеленеді. Ол дербес түтін түтеткен Сырдария және Тереңөзек аудандарының бірде қосылып, бірде бөлініп, қайта қосылған жағдайларына байланысты. Одан кейінгі жылдары аудандық ардагерлер кеңесіне Наурыз Қартбаев, Хайролла Әбенов төрағалық етті. Бұл кісілердің өз кезегінде ауданның өсіп-өркендеуі жолында қосқан үлесі зор.
– Аудандық ұйымның атқарған жұмыстары туралы айтып берсеңіз...
– Аудан көлеміндегі бастауыш ардагерлер ұйымдары өз есептерінде тұратын ардагерлерге және жастарға жалпыұлттық идея рухында патриоттық тәрбие беруде, еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауда біршама жұмыс атқарып келеді. Аудан ардагерлері бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандырып, белсенділігін арттыру, беделін көтеру мақсатында тұрақты түрде түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Ең бірінші мақсат – зейнет жасындағы қарттардың саналы ғұмырын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Одан кейін құрметті демалыстағы ардагерлердің уақытын тиімді өткізу мен оларды спортқа, мәдениет саласына, жалпы айтқанда, қоғамға белсенді түрде тартуды көздейді. Дөңгелек үстел, семинар кеңестер, мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, ардагерлер аудан, облыс көлемінде өткізілетін жиындарға міндетті түрде қатысады. Үстіміздегі жылы аудандық ардагерлер Кеңесі жастармен 6 отырыс өткізіп, оған 100-ден астам жас буын өкілі қатысты. Жыл сайын мерекелерде, айтулы күндерде ардагерлердің үйіне барып, хал-жағдайларын біліп, мерекемен құттықтау үрдіске айналған. Осы жылы Кеңес мүшелері 79 ардагердің үйіне барып, олардың хал-жағдайын біліп қайтты. 2024 жылдың осы кезеңіне дейін аудандық ардагерлер кеңесінің 3 мәжілісі болып өтті. Аудан басшылары да әркез қазыналы қарияларға құрмет көрсетіп, ауқымды іс-шаралардың атқарылуын, ардагерлерге ерекше көңіл бөлінуін қамтамасыз етіп отырады.
– Ауданымызда ардагерлерге қаншалықты құрмет, қолдау көрсетілуде?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, ардагерлерге ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Көзі тірі ардагерлермен аудан басшылығы да, жастар буыны да тығыз байланыс орнатып отырады. «Өткенге құрмет – келешекке міндет» демекші, өмірден озып кеткен ауданның қадірменді азаматтары да естен шыққан емес. «Парасат» алаңында ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің құрметіне бюст қойылған. Орталық саябақта «Тағзым» алаңы бар. «Еңбек даңқы» музейінде де ауданның өркендеуіне үлес қосқан, әлі де еңбегін арнап жүрген азаматтарға құрмет суреттер галлереясы орналасқан. Ардагерлерге ұдайы құрмет көрсетіліп отырады. Аудан әкімінің басшылығымен аталған орындарға сенбілік жүргізіліп, тазартылып тұрады. Алаңдар, аудан көшелері жөнделіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Бұның бәрі өткенге жасалған құрмет, келешекке салынған инвестиция деуге негіз бар.
– Ауданымызда көзі тірі тарих, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров, еңбекпен ер атанған Рақымжан Бәйменов секілді ақсақалдар бар. Өмірін адал еңбекке, ерлікке арнаған азаматтар ауданымыздың мақтанышы, беткеұстар азаматтары деуге негіз бар...
– Дұрыс айтасыз, ердің жасынан өтіп, ақсақалдық кезеңге жеткен біздің өзіміз алдымызда «әй, бала» дейтін Яхия атамыз барда өзімізді іні, бала сезінеміз. Бұл кісілер – ауданымыздың қос бәйтерегі. Бір жиында Яхия атамыздың Рақымжан атамызға «бала» деп, Рақымжан атаның «алдымда ағам бар» деп, марқайғаны тұрғындар арасында ауыздан-ауызға тарап, өнегелі әңгіме ретінде әлі күнге айтылып жүргені рас. Осы жылы аудандағы ҰОС-ның жалғыз көзі тірі ардагері Яхия Тасыровтың 103 жасқа толған күніне орай үйіне аудан әкімі мен бір топ ардагер арнайы барып құттықтап, шапан жауып, сый-сияпат көрсетіліп, соғыс ардагерінің батасын алып қайтты. Сол сияқты еңбекпен ер атанып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері Рақымжан Бәйменов ақсақалға да сый-құрмет көрсетіліп, үлкен іс бастарда атқа қонған азаматтар ақ батасын алып, сәлемін беріп тұрады. Одан кейін Мұхтар Сақтапов, Сергей Тоқсанбаев, Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов, Жантемір Айсин, Алмагүл Бақтиярова, Ұлмекен Жанәлиева, Мектепхан Елеусінов, Сансызбай Сәдуақасов секілді ардагерлеріміз – шежіре, ақылгөй дана, батагөй қарияларымыз. Қазыналарымыздың ғұмыры ұзақ, дені сау болсын деп тілек білдіреміз.
– Ардагерлерге әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіле ме?
– Аудан басшылығының пәрменді қолдауының арқасында ардагерлер жұмысы жақсы жолға қойылғанын айтып өткім келеді. Қазір таңда ауданда ардагерлер ұйымы аудан әкімшілігімен, БАҚ өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауда. Қарттардың әлеуметтік жағынан қорғалуын, денсаулығын жақсартуын, тарихи орындарға барып саяхат жасауын басты назарда ұстап келеді. Сондай-ақ есепте тұратын жағдайы қиын ардагерлерге кәсіпкерлер арқылы көмек көрсетіліп отырады. Үстіміздегі жылы ауданның 12 ардагері оңтүстік өңірлердегі Оқшы ата, Қорасан баба, Төлегетай ата, Қылышты ата, Сунақ ата кесенелерімен танысып, зиярат етіп қайтса, 4 ардагеріміз жаңарған Түркістан қаласымен танысып, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Үкаша ата кесенелеріне зиярат етіп қайтты. 9 ардагер «Мерке» санаториясына барып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды.
– Қазыналы қарттарды мәдени іс-шараларға тарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Осы жөнінде тарқата айтып өтсеңіз...
– Иә, жалпы айтқанда, бүгінгі зейнеткер – кешегі ел дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкер. Жұмыс барысында ұзақ жыл еңбекке араласып үйренген жандарға үйде отыру – қиынның-қиыны. Аудандық ардагерлер кеңесінің де негізгі мақсаты осы ардагерлерді ұйыстырып, басын біріктіріп, қоғам өміріне белсенді араластыру болып табылады. Осы ретте жақында аудан әкімінің тікелей қолдауымен «Ұлағат» әкелер ансамблі құрылып, Қарттар күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде өз өнерлерін көрсетіп бастады. Ансамбль құрамында өнер майталмандары бар. Сондай-ақ ауылдық округтердегі мәдениет үйі жанынан құрылған әжелер ансамбльдері өз жұмысын жандандырып, кейінгі буынға үлгі болумен қатар, мәдениет пен руханиятты дамытуға үлес қосып жүр. Тіпті республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып, облыс атын айшықтап жүргенін де мақтанышпен айтып өту орынды. Жақында ғана Нағи Ілиясов ауылдық округіндегі мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Арнайы кітап жазылып, салтанатты іс-шарада тұсауы кесілді. Спортты жанына серік еткен ардагерлеріміз саламатты өмір салтын кейінгі буынға насихаттаудан танған емес. Міне, аудан ардагерлері туралы сөз қозғасақ, барлығын айтып тауысу мүмкін емес. Қарттар – қоғамның қазынасы.
– Мұса Алпысбайұлы, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Біз – қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз.
– Ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі. «Қарты бардың – қазынасы бар» дейді халық даналығы. Жастарымыз қазыналы қарттардан өнеге алып, өзі де сол кезеңге абыроймен жетсе, үлкендеріміз кейінгіге тәрбие көзі екенін әркез есте сақтап, сыйлай отырып, сыйлы болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Абырой-амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ