Үлкеннен – өнеге, кішіден – ізет
Асыл дініміз бен салт-дәстүрімізде үлкенді сыйлау, кұрмет көрсету, үлкеннен өнеге алу басты құндылық болып саналады. Дана халқымыздың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзінен-ақ осыны ұғынуға болады. Халқымыз әрдайым үлкенге төрден орын беріп, кішілер жасы үлкенді сыйлап, құрметтеп, кішілігін көрсетіп, алдын кесіп өтпеген. Осындай тәлім-тәрбиемен өскен бала ешқашан жаман болған емес. Ұрпақ тәрбиесі қай кезде де маңызды. Үлкендеріміздің ғибратты әңгімелері мен үлгі-өнегесі келешек жас ұрпаққа асыл мұра. «Өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та жоқ» демекші, өскелең ұрпақ саналы болуы үшін үлкендеріміз өнегелі қалпынан таймау керек.
Қазақ қоғамында жастар үлкендерге қарап бой түзеп, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесін санасына сіңіріп өскен. Ықылым заманнан бері халқымыз көпшілік ортада болсын, жанұяда болсын әрбір ісін шаңырақтың шаттығын ұстап отырған қазыналы қарттарымыздың бата беруімен бастайды. Сөз қасиеті мен қадірін түсінген халқымыз бата беруге, бата сұрауға аса мән берген. Бата беру рәсімінің өзінің орны мен түрлері бар. Мән-мағынасы мен қасиетін біле-білген адамға батаның орны бөлек. Өкінішке орай соңғы кезде той-томалақта, көпшілік жиында батаны тілекпен шатастырып жататындар жиі кездесіп жүр. Бата берудің орнына тілек айтып кететін жағдайлар да жоқ емес. Тіпті батаны діндегі дұғамен шатастыратындар көбейді. Кей кездерде бата беріңіз десе абдырап не айтарын білмей қалатындарды да көріп жүрміз. Расымен де қазіргі таңда бата беру дәстүрі кенжелеп кеткені өтірік емес. Мәселен үлкен қуаныш тойларда ас қайыру рәсімі ішімдік ішіп отырған үлкендердің біріне беріліп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?
Бұндай әрекет құндылығымыздың қадірін қашырып, мән-мағынасын жоғалтатыны сөзсіз. Бата беру салтының о бастағы мәні де, қадірі жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Десек те бұл дәстүрдің маңыздылығы мен мазмұнын ұмытпағанымыз жөн.
Бала тәрбиесінде ата мен әже мектебінің, тәрбиесінің рөлі жоғары. Қай кезде де әже деген сөзді естігенде бірден көз алдымызға жүзі нұрлы, ақ жаулықты, кең етекті көйлек киген, бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ананы елестетеміз. Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, әйтеуір қазіргі кезде ақ жаулық тағып, кимешек киіп жүрген әжелерімізді көп көре бермейміз. Ежелден бері ата-бабаларымыз ақ жаулықты құрметтеген. Салт-дәстүріміз бен тарихқа үңілсек бұрынғы әжелеріміз ешқашан жаулықсыз жүрмеген. Пайғамбар жасынан асқан аналарымыз міндетті түрде орамалды беліне дейін түсіріп тартқан. Жіп иіріп, тоқыма тоқып, кимешек киіп жүретін ақ жаулықты әжені тек кинодан яки көріністен ғана көретін күйге жеттік. Не десе де үлкендердің жаулықсыз жүргені оғаш көрінеді. Өзі жаулық тақпаса, қызы мен келінінен бұны қалай талап етсін?! Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «ақ кимешек көрінсе сені көрем, ақ кимешек жоғалса нені көрем» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Біз үлкенге қарап бой түзеп, үлгі-өнеге аламыз. Алайда қазір жол көрсетер үлкендердің жасына сай киінбейтіні де қынжылтады. Кей отбасыда келіннің көзінше келте киім киіп жүру былай тұрсын, көпшілік орында сыптай болып, денесін көрсетіп киінетіндерді де көріп жүрміз. «Үлкендеріміздің өзі осындай үлгі көрсетсе, жастарымыз не болмақ?!» деген сұрақ мазалайтыны өтірік емес.
Ұлттық құндылықтарымыздан алыстап бара жатқандаймыз. «Сын түзелмей, мін түзелмес» демекші, тек қана жақсы нәрселерді ғана көрсетіп, айтып қана қоймай, осындай кемшін тұстарды козғаған жөн деп есептейміз. Ұрпағымыздың тәрбиелі болуы үшін үлкендеріміз өнегелі болуы керек.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден