Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариялар құрметке бөленді

Қариялар құрметке бөленді

Қарты бардың – қазынасы бар. «Кісілік кілті – кішіпейілділікте» деп білетін дана қарт – қай қоғамның да байлығы. Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты басқосуға ауданның еңбек ардагерлері, қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар мен тұрғындар қатысты.

Аудан басшысы қарияларды мерекемен құттық­тап, аға буын өкілдерінің ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегі үлгі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы қарияларымыз ұлт ретінде сақталуымыз үшін барын салған» деп қазыналы қарт­тарымыздың қоғамдағы рөлін айқындап берді. Сондықтан да елімізде қарияларды қолдау мем­лекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған. Аймағымыздың әр жақсы жаңалығын қуанышпен қарсы алып, үлкендікті көрсетудің өзі бізге күш-қуат береді, жұмысымызды ширатады. Ел Президентінің және Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ауқымды жұмыстар ауданда да жүзеге асырылуда. Қазыналы қарттарымыз біздің игі бастамаларымызға қолдау білдіріп, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымы атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Сонымен қатар, елдің бірлігін сақтау мақсатында құрылған қоғамдық кеңестерді де ардагерлер басқарып, өзекті мәселелердің шешілуіне лайықты үлес қосуда. Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, батагөй ақсақал Яхия Тасыров атамыз ортамызда жүр. Ауданда 101 тыл ардагері және 4428 зейнет жасындағы қария кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан еңбектеріңіз және үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шара марапатпен жалғасын тап­ты. Аудан әкімі қадірлі қариялар мен еңбек арда­герлерін «Алғыс хатпен» және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Одан кейін ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, жақында аудан әкімінің қолдауымен «Ұлағат» әкелер ансамблі құрылған болатын. Құрметті қариялар, ардақты әкелер, еңбек ардагерлері «Ұлағат» әкелер ансамблі құра­мына топтасып, үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Құрамында өнер адамдарынан бастап түрлі сала өкілдері бар ансамбль алғаш рет Қарттар күніне арналған концерттік бағдарламада өнерін паш етіп, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Одан кейін аудан әкімі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетовпен бірге қадірлі қариялардың үйлеріне барып, мерекемен арнайы құттықтады. Аудан басшысы ғибратты ғұмыр иелері, Сырдария ауданының Құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыровқа, тыл ардагері Рақымжан Бәйменовке және ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұхтар Сақтаповқа игі тілегін жеткізді. Ел игілігі үшін жасаған қажырлы еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, арнайы сый-құрмет көрсетті. Мерекеде көрсетілген құрметке ризашылығын біл­дір­ген қазыналы қария­лар елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 қазан 2024 ж. 101 0