Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Облыстық спартакиада алауы жағылды

Облыстық спартакиада алауы жағылды

Ауыл спортшыларының дәстүрлі «Алтын күз – 2024» ХХХVІІ облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Орталық стадионға жиналған спортшылар мен жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Жыл сайын күз мезгілінде өткізілетін дәстүрлі спорт сайысы биыл өз алауын Сырдария ауданында тұтатты.

Спартакиаданың ашылу салтанаты аудан өнерпаздарының дайындаған қойылымымен бастау алды. Сахнаның, алаңның безендірілуі, алдын ала дайындалған спортшылар Сыр спортынан көрініс беріп тұрды. Салтанатты жиын облысқа қарасты аудан спортшыларының шеруімен бастау алды. Салтанатты шеруді өңіріміздің ұлттық ат спортын, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген облыс спортшылары бастады. Одан кейін жиналған көпшілікке Бас төрешілер құрамы таныстырылып өтті. Өткізілетін түрлі спорт түрінен арнайы бекітілген бас төрешілерді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқарма басшысының орынбасары Жігер Айекешов бастады.

Келесі кезекті аудан құрама командалары салтанатты шеруді жалғастырды. Үміт артқан халық намысын қорғау үшін күш-жігерін жинап келген спортшылар көпшіліктің қошеметімен арнайы орталықпен жүріп өтті. Шеруді Арал ауданының командасы бастады. Одан кейін Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария ауданының құрама командалары салтанатты шеруді жалғады.

Әр ауданның спорт саласындағы жетіс­тіктері көрермен қауымға таныс­тырылып тұрды. Осы ретте аудан спортшы­лары құрама командасының туын грэпплинг­тен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Әлем чемпионатының жеңім­пазы Нұрдәулет Карбозов ұстап шыққанын айта кету орынды. Аудан спортшыларының құрама командасын аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысы Бағдат Есенов, №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің директоры Бауыржан Есмағанбетов, №12 Сырдария ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Досхан Рахманбердиев, аудандық Спорт клу­бы­ның директоры Диас Әлжанов, аудандық балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлық клубының директоры Жасұлан Каусов бастады. Ал аудан спортшыларын тоғызқұмалақтан Қа­зақ­стан Республикасының бірнеше дүр­­кін чемпионы, Азия, Еуропа, Әлем чемпионы, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы «Ерең еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Бексұлтан Бостандықов, көгалдағы хоккейден ха­лықара­лық дәрежедегі спорт шебері Жалғас Хусайновтар бастады. Ал егемен елдің көк Туы мен спартакиада жалауын ардагер спортшылар бастап, аудан спортшы­лары алып жүрді.

Спортшыларды зор құрметпен ортаға алғаннан кейін сөз кезегі құрметті қонақтарға берілді. Ең алдымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Құрметті спортшылар және спорт жанкүйерлері! Баршаңызды ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 33-ші жазғы Олимпиада ойындарының жүлде­герлерімен кездесуінде «Спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкімет және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Сыр елінде спорт саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стра­тегиялық басым бағыттарының бірі. Спортшыларға сәттілік! Ауыл спортшыларының дәстүрлі «Алтын күз – 2024» ХХХVІІ облыстық спартакиа­дасын ашық деп жариялаймын! – деді аудан әкімі.

Одан кейін Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік Гимні орын­далып, кезекті сөз облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқарма басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлына беріл­ді. Және Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республи­касы­ның «Еңбек ері» орденінің иегері, Қы­зылор­да облысының үстел теннисі федерация­сының президенті Абзал Ералиев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Содан соң жиналған көпшілік «Алтын күз – 2024» спартакиадасының Алауын жағу рәсіміне куә болды. Дүбірлі дода алауын ұстаған аудан мақтаныштары орталық саябақтан бастап орталық стадионға дейін жүгіріп өтті. Ал журналис­тер қауымы жол бойына орталық стадион­да жиналған көпшілікке тікелей эфир арқылы спортшылардың бағытын хабарлап отырды. Соңғы меже орталық ста­дион болды. Облыстық спартакиада алауын алып кірген ауданның спорт саласын үлкен жетістіктерге жеткізіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген спортшыларды спортсүйер көрермен зор ынтамен, ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. Осылайша аудан тұрғындары мен қонақтары тарихи сәтке куә болды. Салтанатты рәсім соңы эстрада жұлдыздарының гала-концертімен жалғасты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 39 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуда. Есепті кезеңде аудан көлемінде 73 спорттық жарыстар өткізіліп, 11 260 адам қатысты. Аудан спортшылары үстіміз­дегі жылы Әлем чемпионатында 5 медаль, Азия чемпионатында 6 медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 144 медаль иеленді.

Сондай-ақ биыл алауын Сырдария ауданында тұтатқан «Алтын күз» спартакиадасы бірнеше күнге жалғасады. Дене­шынықтыру және спорт арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл жастарын достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу, ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту және тұр­ғындар арасында оларды кеңінен тарату мақсатында өткізіліп жатқан жарыс­қа облыстың жеті ауданынан 1000-ға жуық спортшы қатысуда. Спартакиада бағ­дарламасы бойынша спортшылар шағын футбол, баскетбол, волейбол, қол күресі, шахмат, асық ату, бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қол добы, кермеге тартылу сияқты спорттың 16 түрінен бақ сынасатын болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 қазан 2024 ж. 130 0