Алтын күз – 2024
Ауыл спортын дамыту мен ауыл жастарының спортқа деген ынтасын арттыру мемлекеттің жіті назарында. Ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген әйгілі спортшыларымыздың көбісі ауылдан шыққаны белгілі. Бүгінгі жас спортшының ертең ел намысын қорғайтын нағыз патриот болуы жолында спартакиадалар өткізудің маңыздылығы жоғары.
Жылда дәстүрге айналған «Алтын күз» ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасы биылғы жылы ауданымызда жалауын көтермек. Еске сала кетсек, былтыр спартакиада ойындары Шиелі ауданында өткен болатын.
Дүбірлі дода қазан айының 23-27 күндері аралығында өтеді деп жоспарлануда. Дәстүрлі «Алтын күз – 2024» ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасы 37-мәрте жалауын желбіреткелі отыр. Ең алғаш бұл спартакиада осы Тереңөзек кентінде бастау алған болатын.Денешынықтыру және спорт арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл жастарын достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу, ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту және тұрғындар арасында оларды кеңінен тарату мақсатында өткізілетін жарысқа облыстың 7 ауданынан 1000-ға жуық спортшы қатысады.
Спартакиада бағдарламасы бойынша спортшылар шағын футбол, баскетбол, волейбол, қол күресі, шахмат, асық ату, бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қол добы, кермеге тартылу сияқты спорттың 16 түрінен бақ сынасатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалуда. Бұқаралық спортты дамытумен қатар жаңадан спорттық нысандар бой көтеруде. Ел спортына деген қолдаудың арқасында бұл саладағы жетістіктер одан әрі еселене берері сөзсіз.
Бүгінде түрлі деңгейдегі жарыстардан спортшыларымыз жетістіктерге жетіп, аудан спортының дамуына өз үлесін қосып келеді. Өз кезегінде аудан намысын ту етіп, жарыстың жеңісті жолына ниеттенген спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз.
Алтынай ЖҮНІСОВА