Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 71 газет

07 қыркүйек 2024 ж.

№ 70 газет

03 қыркүйек 2024 ж.

№ 69 газет

30 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Республикалық турнир

Республикалық турнир

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Сұлтанбек Қобландинді еске алуға арналған көгалдағы хоккейден республикалық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Хожбанов, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов арнайы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанаты басталмас бұрын жинал­ғандар арнайы әзірленген көрмемен танысты. Көрмеге С.Қобландиннің спорт саласындағы жетістіктері, түрлі халықаралық, әлемдік спорт жарыстарындағы марапат­тары, суреттері мен өмір жолынан сыр шертетін көрне­кіліктер қойылды. Мұнан соң аудан әкімі Берік Сәрменбаев ел спортын дамытуда С.Қобландиннің еңбегі зор екенін айтып, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

– Спорт саласының дамуына, оның ішінде елімізде көгалдағы хоккейдің өсуіне өзіндік үлес қосқан азаматқа арнап турнир өткізу ауданда дәстүрге айналды. Сұлтанбек Ибрагимұлы көгалдағы хоккей спортымен айналысып, 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының сапында Кеңес Одағының чемпионы және Одақтың кубок жеңімпазы атанды. Одан кейін көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелеп, Қызылорда облысының ерлер және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Тәжірибелі бапкер жастардың ерекше спортқа деген көзқарасын қалыптастырып, аудан спортшыларының жеңіс тұғырынан көрінуіне зор еңбек етті. Ұзақ жылдан бергі табанды және нәтижелі еңбегінің арқасында ауданда көгалдағы хоккейдің озық әрі тиімді даму жүйесін қалыптастырды. Білікті жаттықтырушының тәрбиесін алған шәкірттері Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірқатар хоккейші халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізді. Халықаралық жарыс­тарда тәжірибелі жаттықтырушы тәрбиелеген спортшылар сан мәрте жарқын жетістіктерге жетті. Сондықтан Сұлтанбек Қобландиннің мемлекетіміздің, оның ішінде Сыр өңірі спортының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі, – деді аудан басшысы.

Турнирдің ашылуында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов, облыс­тық қоғам­дық кеңес төрағасы Ә.Хожбанов, Қызыл­орда облыстық мәслихатының депутаты Ә.Шайма­ғам­бетов, С.Қобландиннің жеңгесі Б.Маханова сөз сөйлеп, Сырдария ауданының Құрметті азаматы туралы өз естеліктерімен бөлісіп, көгалдағы хоккей спортын дамытудағы еңбегін айтып өтті. 6 мамырда басталған республикалық турнир 10 мамырға дейін жалғасып, марапаттау салтанаты да ұйымдастырылды. Жарысқа елімізден 13 команда 230 спортшы қатысты. Турнирде ұлдар арасында І орынды Шымкент қаласы иеленсе, ІІ орынмен Орал қаласы марапатталды. Ал ІІІ орын тұғырынан Жамбыл облысы көрінді. Қыздар арасында І орынды Орал қаласы, ІІ орынды Жамбыл облысы, ІІІ орынды Түркістан облысы иеленіп, жарыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен, дипломмен марапатталды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
11 мамыр 2024 ж. 158 0