Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республика күні: Тарих һәм дерек

Республика күні: Тарих һәм дерек

Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтеді. Былтыр 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Рес­публика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзге­ріс енгізген жөн. Мен Респуб­лика күніне ұлттық мереке мәрте­бесін қайтаруды ұсынамын. Қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін елі­міздің бас­ты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Тәуелсіздік күнінің бастапқы мә­ні сақталады, – деген еді Президент.

Негізі 1990 жылы 25 қазанда Қазақ­станның Мемлекеттік Еге­мендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады.

Мемлекеттік егемендік
туралы Декларация

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуел­­сіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіз­дері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғыл­майтындығы, қазақ халқының және Қазақстан­дағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мем­лекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта сая­си, экономикалық және әлеуметтік мәсе­лелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күнін тойлау
неліктен алынып тасталды?


Сарапшылардың пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-нің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алмады. Яғни, мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды.

«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды.

Ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай?

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Қазақстандықтар Республика күніне орай қанша күн демалады?

Республика күні мерекесіне орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келеді. Сон­дықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір-ақ күн демалады. Демалыс бас­қа күндерге ауыстырылмайды.
«Тт» ақпарат
24 қазан 2023 ж. 310 0