Адамгершілік ұлылығын үйретуші
Ғұлама ғалым Әл Фараби: «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды, келешекті болжау қиын» деп пікір білдірген екен. Бала оқыту ісінде тарих пәні мұғалімінің орны ерекше. Тарихшы тек жас ұрпақ тәрбиелеуші маман ғана емес, сонымен бірге ол қоғамның саяси хабаршысы.
Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Индира Қабылова шәкірттеріне қоғам мен мемлекеттің тарихы мен тынысын үйретуді осыдан 30 жыл бұрын бастады. Ұстаздықтың ұлы жолына түсуді бала кезінен арман еткен ол Қызылорда қаласындағы іргелі оқу орны Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, тарих, адам және қоғам пәнінің мұғалімі мамандығын ойдағыдай аяқтайды. Жас маман алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен ауылынан, білім алған қарашаңырақ №129 орта мектептен бастап, күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.
– Ұстаздық жолды таңдауыма алғашқы ұстазым себепкер болды деп айта аламын. Сұңғақ бойлы, мейірімді ұстаз Күлтай Асанованың күлімдеген жүзі көз алдымда. Алғашқы ұстазыма еліктеп, «болашақта мен де мұғалім боламын» деп мақсат қойдым. Көпбалалы отбасында туып-өстім. Әкем Аманкелді мен анам Тұрғанкүлден өнегелі тәрбие алдым. Мектепте үздік оқыдым. Жоғары оқу орнына оқуға түстім. Алғашқы еңбек жолымда өзінің тәлімгерлігімен жол сілтеген, ұстаздықтың қыр-сырын үйреткен аға буын ұстаздар қауымы Жібек Азаматова, Өмірхан Данияров, Күміс Қожарипова, Ләззат Бектоғаева, Гүлнәр Ержанова, Сейфолла Ибрагимовтың еңбегі зор. Әлі есімде 1994 жылы қазан айында мектепке комиссия келіп, жас маман ретінде сабағыма қатысып, оқушылармен қарым-қатынасыма мән берілді. Бір апталық тексеру кезінде жас тарихшы ретінде өз шеберлігімді көрсетіп, табандылық таныттым. Комиссия мүшесі, мықты ұстаз, тарихшы Келес Асқаров ризашылығын білдіріп, марапаттап кетті. Бір айдан соң қараша айында тарихшылар сайысында бірінші орын алып, облысқа жолдама берілді. Осыдан кейін мамандығыма деген құлшынысым арта түсіп, еңбекте шыңдалдым, – дейді ұлағатты ұстаз.
Жалпы шәкіртке әр кезеңдегі мемлекеттік, қоғамдық, жаһандық қозғалыс туралы түсінікті тарих пәні береді дейді ұстаз. Сондықтан бұл пәннің оқушы өміріндегі алар орны да бөлек. Дамыған елдерде тәрбие берудің негізгі құралы ретінде ата-аналар балаларын мәдени-көпшілік орындарға, театрға көптеп апаруды қолға алады екен. Мұндағы мақсат бала бойына салт-дәстүр мен тарихты, тіл мен ділі, діні туралы түсінік қалыптастыру. Біздің елімізде бұл жауапты миссияны, яғни ұлттық құндылықты жас ұрпаққа сіңіруді тарих пәнінің мұғалімі атқарады десек, қателеспейміз.
Индира Аманкелдіқызы өзінің еңбек жолында көптеген жетістікке қол жеткізді. Шәкірттерін білімге, адалдыққа тәрбиеледі. Ұстаздық еткен жылдар ішінде алған марапаттары – еңбегінің жемісі. Шығармашыл ұстаздың соңғы 1-2 жылдың көлемінде алған марапаттарының өзі бір төбе. Атап айтсақ, «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналының дамуына үлес қосқаны үшін «Үздік автор – 2022» республикалық конкурс жеңімпазы, білім беру саласындағы әдістемелік бағыттың дамуына үлес қосқаны үшін «DIDAKTIKA» журналы бас редакторының Алғыс хаты, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің Құрмет грамотасы – білім саласына сіңірген еңбегінің нәтижесі.
Педагог-сарапшы Индира Аманкелдіқызы мамандық таңдауда еш қателеспегенін, қаншама жылдар бойы сіңірген адал еңбегінің арқасында шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек ететінін мақтан етеді. Өз қолынан түлеп ұшырған шәкірттері ұстаздарын арнайы іздеп келгенде марқаяды.
Ізденімпаз, жан-жақты білімді, әріптестерінің ортасында беделді ұстаздың шәкірттері де білім шыңдарын бағындыруда. Оқушысы Айлита Насрадинова «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жоба байқауының аудандық кезеңінде бірінші орын алса, облыстық байқауда да бірінші орынға шығып, республикаға жолдама алды. Айлитаның «Арал теңізі және экология» тақырыбында қорғаған ғылыми жобасы үздік деп танылды. Тағы бір шәкірті Нұрай Әбенова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған мектеп бітіруші оқушылар арасында география пәнінен облыстық пәндік олимпиададан екінші орын алды. Биылғы жылы қос оқушысы Жанбике Аманкелді мен Нуридин Ерболатұлы «Тарих ата» атты республикалық қашықтық олимпиадасына қатысты. Оқушылардың еңбегі бағаланып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғ.Тұрсыновтың сертификатына ие болды.
Жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлес қосып жүрген ардақты ұстаз отбасында сүйікті жар, көпбалалы ана. Өз ісіне, мамандығына адал ұстаз – ауылдағы Қожаәріп әулетінің абыройлы келіні. Отағасы Мирамбекпен өсірген ұл-қыздары медицина, ІТ саласында еңбек етсе, Ғибрат қыздары анасының жолын қуып, магистратураны бітіріп, ұстаздықты таңдады.
Ауданның білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз бүгінде ұстаздардың ұстазы атанып, мерей-мәртебесі артқан білікті маман. Жүректің батырлығымен, сезімнің ақылдылығымен, мінезінің шуағымен ұрпаққа ұстаз болған Индира Аманкелдіқызы биік белеске адал еңбегімен қол жеткізуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ