Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мұғалім – мектеп айнасы

Мұғалім – мектеп айнасы

Ұстаздық ұлы жолды, рухани тәлімгерлікті өмірлік кәсіп еткен Үміткүл Батишева – ауданның бетке ұстар мұғалімі. Еңбек жолын №36 мектептен бастаған. Үміт апай отыз жылдан астам уақыттан бері ауданның абыройын көтерген тәлімді, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай жұмыс істеп келеді. Бала тәрбиесіне кәсіп ретінде ғана қарамайтын ардақты жанның алғашқы шәкірттері бүгінде үлкен қалаларда халық игілігі үшін қызмет етіп жүр.

Үміткүл Жағыпарқызы бала күнінен ұстаз болуды армандаған. Ата-анасынан көрген тәлімі мен тәрбиесі, қатар құрбысының мықтылығы да бойжеткеннің алыс арман жолындағы қанатын қатайта түскен. Солай мұғалімдік жолға бағыт бұрған ол сол кездегі Қызылорда педагогикалық институтында білім алған. Биология және химия пәнінің мұғалімі мамандығын игеріп шыққан білікті маман білімін ұзақ жылдан бері тәжірибемен ұштастырып келеді.

Үміт апай, шындығын айтқанда, тек №36 мектеп-лицейінің емес, ауданның бетке ұстар мұғалімі. Ол кісінің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Үлкенге де, кішіге де сыйлы болған мұғалімге мектепті бұрын бітіріп кеткен шәкірттері де әркез құрмет көрсетіп отырады. Негізінен Үміт Жағыпарқызының есімі аталғанда көп адам­ның ойына «қаталдық, өте білімді ұстаз» ассоциациясы оралады. Бұл – мұғалім­нің жауапкершілікті қатаң талап ете­тін ізденімпаздығынан.

– Ең алдымен ұстаз бала жанының бағ­баны, психолог бола білуі керек. Алды­ңа келген оқушының бәрі бірдей емес. Бір ақпаратты әр оқушы өзінше әртүрлі қабылдайды. Соны түсініп, әр бала­ның өзіндік қарым-қабілетіне сәйкес жұмыс жасай алуың керек. Аллаға шүкір, оқушы­ларым­мен бірге үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Бұл жерде мақсатты дұрыс қоя алу маңызды. Менің бала оқытудағы мақсатым – келешек ұрпағымыз білімді болса екен, білсе екен деймін. «Білімді мыңды жығады» демекші, қазіргі таңда қоғамда өз орныңның болуы жақсы білім алумен өлшенеді. Нағыз оқитын, білім алатын кезеңдеміз. Ал ақылы оқуға екінің бірінің шамасы келе бермейді. Менің мақсатым да – сол. Балалар білім алып, өз күшімен жоғарғы оқу орнына түсіп кетсе екен деймін. 1992 жылы білім саласындағы қызметім басталса, алғаш жетекшілік еткен сыныбым 2004 жылы мектеп бітірді. Олардың басым көпшілігі үлкен қалада, халық­тың сұранысына ие мамандықтарды игерген, – деген Үміткүл Батишевадан бала тәрбиесі туралы да пікірін сұрадық.

– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөз бар. Балаға білімнің басым бөлігін мектеп бергенімен, тәрбие мәселесінде ата-ана мен ұстаз біріге жұмыс істеуі керек. Қай кезде де, мейлі ол үлкен адам болсын, оның бойында о баста ата-анадан, қара шаңырағынан алған тәрбиесі көрініп тұрады. Тәрбиенің іргетасы үйде, мектепте дұрыс қалануы керек. Үлкендер баланы сөзбен емес, іспен тәрбиелеуі ләзім, – дейді «адал еңбекпен алмайтын асу болмайды» деп білетін жан.

Саналы ғұмырын ұлы қызмет жолына арнап келе жатқан ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Марапаттарының ішінде Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің, Мемлекет басшысының «Құрмет грамотасының», «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің шоқтығы биік. Жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл ұстаздың бүгінгі оқушылары да республикалық деңгейдегі байқауларды бағындырып, аудан абыройын үстем етіп жүр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» екенін болашағынан зор үміт күттіретін оқушылар әркез дәлелдеп келеді. Үміткүл Жағыпарқызы – білім жолында ғана емес, өмір жолында талайға ұстаз болып, «ұстаз» есімін бәрінен биік ұстай білген жан.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
02 наурыз 2024 ж. 409 0